Қазақстанда түрік дрондары сынақтан өткізіліп жатыр

Қазақстанда түрік дрондары сынақтан өткізіліп жатыр
Сурет: ашық дереккөз

Anka ұшқышсыз ұшу аппараты кешені кейін ҚР армиясына қабылдануы мүмкін. 

Жамбыл облысында Anka түрік дрондары сынақтан өткізіліп жатыр. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын сынақтан өткізу жұмыстары Тараздағы Жауынгерлік даярлау және жауынгерлік қолдану оқу орталығының базасында өткізіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Sarbaz.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Сынаққа 14157 әскери бөлімінің ұшу және инженерлік-техникалық құрамы және Turkish Aerospace Industries өндіруші компаниясының өкілдері қатысты.

Тесттер басталғанға дейін аралық инспекция, техникалық қабылдау өтті. Сондай-ақ, инженерлік-техникалық құрамның мамандары, ұшқыштар, пайдалы жүктеме операторлары Түркияда дайындықтан өтті. Кешенді жеткізіп, орналастырғаннан кейін қазақстандық мамандар сынақтарға кірісті.

"Тесттік сынақ — қабылдау кезеңдерінің бірі. Міндет-кешеннің, жабдықтың және барлық қосалқы жүйелердің жарамдылығын тексеру қажет. Кешенді тәжірибелік әскери эксплуатация 2023 жылдың тамызында жоспарланып, 2024 жылдың наурыз айының ортасына дейін жалғасады", - деді Жауынгерлік даярлық және жауынгерлік қолдану оқу орталығының бастығы полковник Шохан Мұсабеков.

"Сынақтардан сәтті өткен жағдайда Anka пилотсыз кешені Қазақстан армиясының қарулы күшіне қабылданады", - делінген хабарламада.

Anka Таяу Шығыста және Таулы Қарабақтағы қақтығыстар кезінде қолданылды.

"Anka кешенінің артықшылықтарына оның ауқымы, ұшу ұзақтығы және соққы дәлдігі бойынша жоғары көрсеткіштері кіреді. Оның ұшуы мен қонуы үшін топырақ ұшу-қону жолақтары, арнайы жабдықталған аэродромдар қолайлы. Дрондың жүк көтергіштігі 300 кг-ға дейін, ал мұздан тазарту жүйесінің болуы суық күнде де ұшуға мүмкіндік береді", - деп жазады әскери басылым.

Дрондардың негізгі мүмкіндіктері:

  • барлау, нысанға алу;
  • артиллериялық атысты түзету;
  • жердегі нысандарға соққы беретін авиацияны бағыттау;
  • әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын ашу және еңсеру;
  • жаудың артындағы аса маңызды объектілерді жою.

Осы фактілерді ескере отырып, ҚР Қорғаныс министрлігінде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту және қолдану департаменті құрылды.