Қазақстанда психикалық денсаулық жөніндегі ақпарат орталығы ашылады

Қазақстанда психикалық денсаулық жөніндегі ақпарат орталығы ашылады
Сурет: Timacad.ru

Психологиялық проблемасы бар қазақстандықтардың 5% ғана кәсіби маманның көмегіне жүгіне алады.

Бұл туралы бүгін «Пандемия сабақтары» конференциясының қатысушылары хабарлады. Осы орайда елімізде психикалық денсаулық жөніндегі бірыңғай ақпарат орталығы ашылмақ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Мұнда депрессия сынды дерттерге ұшыраған азаматтар хабарласып, психологтардан онлайн форматта консультация ала алады. Конференцияға жиналған мамандардың айтуынша, Ковид-19 пандемиясы адам денсаулығына және оның психологиялық күйіне кері әсерін тигізді. Әсіресе, карантин кезінде оқшауланған балалар айтарлықтай зардап шеккен. Осы орайда бүкіл әлем сарапшылары жасөспірімдердің сауығып кету мәселелеріне көңіл бөліп жатыр.

«Ковид-19 пандемиясы бүкіл әлем азаматтарына кері әсерін тигізді. Күйзеліске ұшырағандар саны 25%-ға артты. Балалар арасында да бұл көрсеткіш 20%-ға жетіп қалды. Өкінішке қарай, олардың арасында қазақстандықтар да бар. Сол себепті қазір жасөспірімдерге тез арада жәрдем беру қажет. Оларға психолог мамандарға жүгінуге мүмкіндік берген жөн. Осы орайда бірыңғай ақпарат орталығы ашылатын болды. Қалағандар дәрігерлермен тікелей байланысқа шыға алады», - дейді Қазақстандағы ДДСҰ елдік кеңсесінің психикалық денсаулық жөніндегі кеңесшісі Николай Негай.