Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет дауыс берді

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет дауыс берді
Сурет: Сайлау 2023 ТГ

Мәжіліске және жергілікті мәслихаттарға халыққа жаны ашитын білімді тұлғаларды таңдау керек.

Алматы қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет дауыс берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулет бүгінгі сайлау науқанында дауыс беруінің мақсаты – Мәжіліске және жергілікті мәслихаттарға халыққа жаны ашитын білімді тұлғаларды таңдау екенін айтады.

«Елімізді жаңарту, Әділетті Қазақстан құру, әділ қоғам құру – оңай шаруа емес. Оның бір басы, әрине, заңдарға келіп тіреледі. Сондықтан Парламентте отыратын ертеңгі заң қабылдаушы тұлғалар жан-жақты білімді, зиялы және еліне-жеріне, халқына жаны ашитын адам болуы керек. Біз бүгінгі сайлауда Парламентке дәл сондай тұлғаларды, ел мұң-мұқтажын көре білетін, айта білетін және заң жүзінде іске асыра алатын адамдарды таңдау үшін өз даусымызды бердік. Сайлау учаскесіне келгендегі ойым осындай болды», – деді Ұ.Есдәулет.