Қазақстан Даму банкінің басқарма құрамы өзгерді

Қазақстан Даму банкінің басқарма құрамы өзгерді
Сурет: Mybryansk.ru

Думан Әубәкіровтің орнына Марат Елібаев келді.

Қазақстан Даму банкінің баспасөз қызметі банк басқармасының  құрамы өзгергенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«2022 жылғы 25 ақпандағы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ  Директорлар кеңесінің шешімімен Марат Елібаев басқарма төрағасының орынбасары - ҚДБ басқармасының мүшесі болып тағайындалды. Ол әлеуетті қарыз алушыларды іздеу және тарту, Даму банкінің кредиттік саясатын жүзеге асыру, сондай-ақ банктің кредиттік портфелін басқару мәселелеріне жетекшілік ететін болады»,- делінген Қазақстан Даму банкінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Марат Елібаев 1984 жылы 2 маусымда дүниеге келген. 2005 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Қаржы және бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша үздік бітірген. 2004 жылы Халықаралық бизнес академиясында оқыды, мамандануы – MBA бағдарламасының басқару модулі (кәсіби менеджер). 2008-2009 жылдары «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында London Business School-да оқу курсын өтті, онда ол Қаржы (корпоративтік қаржы) магистрі дәрежесін алды. Марат Елібаев сондай-ақ Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының түлегі болып табылады.

«Марат Елібаев жаңа қызметінде өкілеттігі 2022 жылғы 25 ақпандағы Банктің ДК шешімімен мерзімінен бұрын тоқтатылған ҚДБ Басқарма төрағасының орынбасары Думан Әубәкіровті алмастырғанын атап өтеміз», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Енгізілген өзгертулерді ескере отырып, банк басқармасының құрамы мынадай болып бекітілді:

- Искаков Руслан Викторович - басқарма төрағасы;       

- Кенжебаева Сандуғаш Айбасқызы - басқарма төрағасының орынбасары;

- Әбішева Ботагөз Тоқтағұлқызы - басқарма төрағасының орынбасары;

- Шәріпов Әсет Болатұлы - басқарма төрағасының орынбасары.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) - Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту және дамыту бойынша 2001 жылы құрылған ұлттық даму институты. Қызметінің негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылымды және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту және қолдау көрсету. ҚДБ - индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының ірі инвестициялық операторларының бірі. ҚДБ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді.