Қазақстан бензині ең арзан бес елдің қатарында

Қазақстан бензині ең арзан бес елдің қатарында
Сурет: 24.kz

Осы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысында елімізде 3,4 млн тонна бензин өндірілді. Бұл былтырғыдан 5,4 пайызға көп.

Energyprom порталының мәліметінше, өңірлер бойынша Шымкент әдеттегідей ең көп бензин өндірді: 1,3 млн тонна, алайда бір жылда 8,2 пайызға азайған. Үздік үштікке Атырау (1,2 млн тонна, 30,4 пайызға көбейген) және Павлодар (980,4 мың тонна, 0,6 пайызға көбейген) облыстары кірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жалпы, 2022 жылы елімізде бензин өндірісі 5 млн тоннаны құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артты.

Қыркүйекте бензин бағасы былтырғымен салыстырғанда 13,4 пайызға өсті. Оның ішінде АИ-98 - 11,7, АИ-92 - 12,8, АИ-95/АИ-96 16,8 пайызға қымбаттады. АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің орташа бағасы — 203 теңге, АИ-95/АИ-96 — 249 теңге, АИ-98 — 261 теңге.

Өңірлер бойынша Алматыдағы бензин бағасы ең көп қымбаттады: былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 15 пайызға. Одан кейін Алматы облысы және Қарағанды облысы: тиісінше 14,4 және 14,3 пайыз.

Биыл 13 қазандағы жағдай бойынша, әлемдегі ең арзан бензин Мысырда тіркелді: литріне АҚШ 0,32 доллары (153,24 теңге). Одан кейінгі орында Алжир (0,32 доллар) және Кувейт (0,34 доллар/ 162,81 теңге) тұр.

Қазақстанда бензин литрі 0,46 доллар/ 220,28 теңгені құрап, бесінші орынға тұрақтады.

ТМД елдері арасында да ең арзан бензин Қазақстанда.

Ресей әлем бойынша бензин арзандығы жөнінен жетінші орында тұр: 0,53 доллар/253,80 теңге.

Әзербайжанда бір литр бензин 0,62 доллар/ 296,90 теңге, Беларусьте — 0,75 доллар/359,15 теңге, Өзбекстанда — 0,89 доллар/426,19 теңге, Арменияда — 1,2 доллар/574,64 теңге, Украинада — 1,44 доллар/689,57 теңге.

Ең қымбат бензин Гонконгта (2,88 АҚШ доллары/1379,14 теңге), Финляндияда (2,23 АҚШ доллары/1067,87 теңге) және Грекияда (2,14 АҚШ доллары/1024,77 теңге) тіркелген.