Қазақстан ағаш материалдарын елден шығаруға тыйымды жарты жылға ұзартты

Қазақстан ағаш материалдарын елден шығаруға тыйымды жарты жылға ұзартты
Сурет: Gomelstroymarket.by

Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

8 маусымнан бастап елімізден ағаш материалдарының кейбір түрлерін шығаруға тыйым салынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Тыйым 2022 жылғы 8 маусымда күшіне енген «Ағаш материалдарының жекелеген түрлерін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 7 маусымдағы 322 бұйрығымен енгізілді. Бұған дейін елімізде осындай тыйым 2021 жылғы 7 желтоқсан мен 2022 жылғы 7 маусым аралығында қолданылған.

Аталған бұйрық алты ай қолданыста болады.

«Аталған тыйым отандық ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту және ағаш өнімдерін заңсыз әкетуге жол бермеу мақсатында енгізілген», – делінген ведомство таратқан хабарламада.

Қандай материалдарды Қазақстаннан шығаруға тыйым салынады:

(4401) отын түріндегі бөренелер, бөренелер, бұтақтар немесе ұқсас түрлердегі сүрек (ағаштың қабық астындағы қатты бөлігі);

(4403) қабығы алынған немесе алынбаған, батпақтанған немесе өрескел жиектелген, кесілмеген, өңделмеген ағаш материалдары;

(4404) бөшкелік сүрек; жарылған бөренелер; ағаштан жасалған үшкірленген, бірақ кесілмеген қадалар, қазықтар және бағаналар; таяқтарды, қолшатырларды, құрал-саймандарға арналған тұтқаларды немесе ұқсас бұйымдарды өндіру үшін пайдаланылатын, өрескел қиыстырылған, бірақ қайралмаған, майыстырылмаған немесе басқа тәсілмен өңделмеген ағаш материалдары; жоңқа және ұқсас сүрек;

(4406) теміржол немесе трамвай жолдарына арналған ағаш шпалдар;

(4407) аралаумен немесе ұзына бойына ыдыратумен, сүргілеумен немесе аршумен алынған, өңделмеген немесе сүргіленген, ажарлаумен өңделген, қалыңдығы 6 мм-ден астам жанама қосылыстары бар немесе жоқ ағаш материалдары.

ЕАЭО СЭҚ ТН 4406910000 «Сіңірілген теміржол немесе трамвай жолдарына арналған қылқан жапырақты тұқымдардан жасалған ағаш шпалдар» кодымен тауар қосылмайды.