Қайрат Сатыбалдының бар мүлкі мемлекет меншігіне беріледі

Қайрат Сатыбалдының бар мүлкі мемлекет меншігіне беріледі
Сурет: Booking.com

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Тізімде Double Tree by Hilton Almaty қонақүйі де бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

"Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты салық төлемеу және қылмыстық кірістерді заңдастыруға байланысты қылмыстардың басқа эпизодтары бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысында заңсыз шығарылған активтерді, сондай-ақ қылмыстық қаражатқа сатып алынған мүлікті қайтару бойынша шаралар қабылданады", - дейді Антикор.

Залалды өтеу мақсатында бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық үй-жайлар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс нысандары, жер учаскелері, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс көліктер мен ақшалай қаражаттар мемлекетке беріледі.

"Олардың қатарына 2021 жылдың қараша айында Сатыбалдыұлымен байланысты кәсіпорын сатып алған "Double Tree by Hilton Almaty" қонақүйі кіреді. Қазіргі уақытта осы объектіні мемлекет меншігіне қайтару аяқталып жатыр", - деді ведомство.

Сатыбалдыұлы қазіргі уақытта түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр.