Қасым-Жомарт Тоқаев: Партияға жаңа мәдениет керек

Қасым-Жомарт Тоқаев: Партияға жаңа мәдениет керек
Сурет: Turkystan.kz

Партиялық жұмысты қайта құру керек.

Партияға сенім мен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынастың жаңа мәдениеті керек. Бұл туралы AMANAT партиясының съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.  

Президент партия ребрендингі оның атауы мен жазылуын өзгертуді ғана білдірмейтінін атап өтті. Бірінші кезекте барша партиялық жұмысты қайта құру керек.

«Партияны трансформациялау бойынша бүгін ұсынылған пікірді қолдаймын. Сонымен бірге, бірқатар басымдықты міндеттерді атап өтемін. Біріншіден, партиялық аппаратты орталықсыздандыру мен тиімділігін арттыру. Партиялық аппараттың жұмысында бюрокартияның ең нашар тұстары көріне бастады, яғни желілік кестелер, есептер, формалды іс-шаралар сайлаушылармен нақты жұмысты екінші жаққа ысырып тастады», - деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымынша, сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастапқы ұйымдармен өзара іс-қимылы әдістемесін толықтай қайта қарастыру керек.

«Бюрократия мен қағазбастылықтан табанды түрде бас тарту маңызды. Өңірлік филиалдар мен бастапқы ұйымдар өздігінен сайлаушылармен жұмыс істеуі керек. Орталық аппарат директивті әрі қолмен басқару тәжірибесін жоюы қажет. Оның мақсаты – жалпы партиялық векторды құру, әдістемелік әрі идеологиялық қолдауды қамтамасыз ету, кадрларды оқыту, жүйелі проблемаларды талдау. Партияға сенім мен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынастың жаңа мәдениеті керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі съез барысында Nur Otan партиясының атауын «Аманат» деп өзгерту туралы шешім қабылданды.