Қарашада Қазақстанда тұмаудың үш штамы таралуы мүмкін

Қарашада Қазақстанда тұмаудың үш штамы таралуы мүмкін
Сурет: Kp.ru

Аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакциналау.

Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова ОКҚ брифингінде Қазақстандағы тұмаудың штамдары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz сілтеме жасап. 

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, елде жыл сайын тұмау вирусының айналымы қараша айынан басталып, сәуір айының ортасына дейін созылады.

«ДДҰ мәліметтері бойынша алдағы эпидемиялық маусымда вирустың үш штамы өзекті болады, олар A (H1N1), A (H3N2) және B»,- деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

Ол өткен жылы ЖРВИ-мен 3,9 млн адам ауырғанын және 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда республика бойынша сырқаттану 1,3 есе өскенін айтты. Өсім Қарағанды облысын қоспағанда, барлық өңірлерде байқалды. Науқастардың 80%-ы балалар мен жасөспірімдерге тиесілі.

«Сонымен қатар жыл сайын айналымдағы штамдар өзгеріп отыратыны байқалды. Өткен маусымда тұмау вирусының 2 штамы – A (H3N2) және B айналымда болды, барлығы 915 тұмау жағдайы анықталды, жүйелеу нәтижелері бойынша штамдар вакциналық штамдарға сәйкес келді», - деп қосты вице-министр. 

Қазақстанда тұмаудан бөлек басқа да вирустар анықталды. Өткен маусымда барлығы 10 мыңнан астам үлгі зерттелді, олардың ішінде риновирус, МС вирусы, аденовирустық инфекция, парагрипп, метапневмовирус, бокавирустық инфекция анықталды.

Бас санитарлық дәрігер аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі вакциналау екенін атап өтті.