Канн кинофестивалінде Қазақстан павильоны ашылды

Канн кинофестивалінде Қазақстан павильоны ашылды
Сурет: Ашық дереккөз

Қазақстан кинопавильоны киіз үй іспеттес

Франциядағы 76-шы Халықаралық Канн кинофестивалінде қазақстандық кинопавильон жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Ол 16 мамырдан бері көрермендерді қабылдап жатыр. Дегенмен салтанатты ашылу рәсімі бүгінге жоспарланған. Ресми түрде өтетін павильонның тұсаукесеріне Мәдениет комитеті кинемотаграфия бөлімінің басшысы Ғани Мұратов, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Халық әртісі Айман Мұсаходжаева және Канн сыйлығының лауреаты, актриса Самал Еслямова қатысады. 

Жалпы қазақстандық кинопавильон киіз үй іспеттес. Онда еліміздің мәдениетін танытатын бұйымдар орналастырылған. Ал киноленталар мен жолақтарда отандық фильмдердің үздік кадрлары бейнеленген. 

«Биыл кинопавильон ерекше безендірілді. Қазақылықтың иісі аңқып тұр десек болады. Ал жалпы кинонарықта 20-дан астам елдің киноиндустрия өкілдері қатысып жатыр. Бұл дегеніміз – 200-ден астам кинопродюсер бақ сынайды деген сөз. Халықаралық фестиваль қатысушыларға үлкен мүмкіндік береді», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитетінің бөлім басшысы Ғани Мұратов.