Көктемді күтіп жүрсіз бе?

Көктемді қондырып қанатына,
Құс қайта оралды Алматыма, – деп Тұманбай ақын жырлаған көктемнің де лебі келіп жетті. Тіршілік атаулының бастауы болған көктеммен бірге көңіл-күй, сүйіспеншілік, бір-бірімізге деген мейірім де келгендей. Баршамызға жылы жүрек, әдемі әсер ала келген көктемді сағынып-ақ қалыппыз. Көңіліміз де, көзіміз де көкке түсе береді.
Роза РЫМБАЕВА:
– Өзім дүниеге күзде келсем де, көктемді керемет жақсы көретін жанмын. Менің өнердегі жолым, табысым бәрі көктем мезгілінде басталған. Осыдан қаншама жыл бұрын мамыр айында «Ән жауынгерлік сапта» деген байқауда ең алғашқы жеңісіме қол жеткізген едім. Содан бергі өмірім көрерменнің көз алдында. Ақтауға жол жүріп барамын. Сосын Астанада жеке концертім. Биылғы жоспарым өте тығыз. Алматыдағы жеке концертім мамыр айында болып қалар. Наурыз мерекесінде өтетін барлық іс-шараға шақырту алып отырмын. Сәтін салса, бәріне қатысып, өзімнің әніммен шашу шашамын.
Наурыздың 10-ы күні «Қазақстан» арнасында «Мәңгілік махаббат мекені» деген концертімді береді. Сосын 22 наурызда мерейтойлық концертімнің толық нұсқасын тамашалай аласыздар. Көрермендер «Көктем келді, Роза қашан шақырар екен» деп алаңдауы мүмкін. Мерейтойыма байланысты концертім күзде өткендіктен, жиі өткізіп, жұртты жалықтырып алмайын деп кейінге ысырып отырмын. Негізі «Көктем шақырады» концерті жалғасын табатын болады.
Майра ИЛЬЯСОВА:
– Барлық өмірдің бастауы ана мен көктем дер едім. Мен өмірде анамды қалай құрметтесем, көктемге де сол құрметімді сыйлап келе жатқан адаммын. Анамнан үш жасымда айрылған соң ба, көктем десе анамды еске алып, ерекше сағыныш күйін кешем. Жыл сайын көктемнің хабаршысындай болған Жан анамнан» көрермендер биыл көз жазып қалды. Оның себебі, танымал өнер иесі Айман Мұсаходжаева өзінің «Айман жұлдыздары» деген орталығын ашқан еді. Сол орталықтың 40 өнерлі студентімен Венгрияда болдық. Енді сәтін салса, Австрия, Америкаға жол түсіп тұр. Өнер сапарымен біраз жерлерде болатын сыңайлымыз. Елімізге көктем келіп жатқанда біз шет елде жүрдік. Сондықтан еліміз көркейіп, жеріміз көгерсін деймін!
Мен де дәл 1 мамыр күні дүниеге келіппін. Атымды сол үшін Майра қойған екен. Сондықтан көктемде дүниеге келгендіктен бе, шығармашылыққа деген құштарлығым осы айда арта түседі.
Шұғыла САПАРҒАЛИҚЫЗЫ:
– Өнер адамы болғандықтан әдемілікке, ізгілікке жаным құмар. Менің өмірімде көктемнің орны тіпті ерекше. Көк шөптер қар астынан қылтиып шыға бастаған сәтте-ақ өзім бір сезімге берілемін. Күннің жылылығы, құстың қайта келген кезі, жауынның дүркін-дүркін жауып өткені бәрі де табиғаттың заңымен жүзеге асып жатады. «Күн жылынса қолға аламын-ау» деген жоспарларым да көп. Оның үстіне биылғы қыстың аязынан соң өзім де күннің көзін сағынып қалыппын.
«Қазақ хандығы» фильмінің жалғасына кірісіп жатырмыз. Тарихи фильм болғандықтан көшіп-қонып, анда-мұнда жүруге тура келіп тұр. Жоспар да көп, жол да ұзақ болатын сияқты. Еліміздің барлық қыз-келіншектерін көктем мерекесімен құттықтаймын. Аналарымыз аман болсын!
Гауһар ҚАСПАҚОВА:
– Көктемде дүниеге келгеннен соң ба екен, суықты ұната бермеймін. Көктемді күтіп жүретінім де сондықтан болса керек. Тұңғышым да осы көктем айында дүниеге келді. Көктемнің бір шабытты күнінде «Алғашқы махаббат» деген ән дүниеге келген еді. Сол әнді әлі күнге айрықша сезімде орындаймын. Осындай жақсы әндер болса деген тілегімді Бейбіт аға Оралұлына жиі айтып жүрмін. Жалпы, менің даусыма сай келетін әндерді композиторларымыз жазып жатқан болар. Кез-келген жеңіл әнді айта алмаймын. Сөзі мен әні келіскен әнді таңдап жатқан жайым бар. Қазір көп көрінбей кеткенім де сондықтан.
Әзірге менің бар жұмысым екі балапанымды мектепке апарып, алып қайту болып тұр. Кейде ойлаймын «бұларға менің көмегім дәл қазір керек емес пе? Оларды тастап сапарлап кетіп жатсам күндері не болады? Баланың жанын түсінетін ең алдымен анасы емес пе?» деп қоямын. Жас кезімізде түсінбеген екенбіз бала үшін, оның тәрбиесі мен оқуы ең алдымен анаға байланысты екен ғой. Мен сүйікті «Ақшам» арқылы барлық аналарды, қыз-келіншектерді ару көктем мерекесімен құттықтаймын! Өмірлеріңіз күндей, өздеріңіз гүлдей, жайнай беріңіздер!
Жұлдыздармен көктемді күтіп алған – Рая ЕСКЕНДІР.