Қазақстандық теннисші Таиланд турнирін жеңіспен бастады

Қазақстандық теннисші Таиланд турнирін жеңіспен бастады
Сурет: Inform.kz

Қазақстандық Денис Евсеев Таиланд челленджер турнирін жеңіспен бастады.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Д.Евсеев ATP Challenger Tour жарысында бастапқы кездесуін тайбэйлік Сюй Юямен өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бірінші партия барысында үшінші геймде Денис брейк жасап, 2:1 есебімен алға шықты. Бұдан кейін Сюй матчты жалғастырудан бас тартты.

Д.Евсеев екінші айналымда франциялық Кириан Жакемен кортқа шығады. Ол таиландтық Касидит Самрейді тізе бүктірді – 6:2, 4:6, 6:4.

Таиландтағы осы додада тағы бір қазақстандық Бейбіт Жукаев алғашқы айналымда үш сетте аустралиялық Омар Ясикаға жол берді – 6:4, 3:6, 3:6.

Бүгін сондай-ақ биылғы «Үлкен дулыға» турнирінің соңғысы – АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайыстары басталады. Мұнда Дмитрий Попко мен Михаил Кукушкин негізгі додаға өтуге тырысып көреді. Д.Попко бүгін италиялық Андреа Пеллегриномен күш сынасады. М.Кукушкин ертең аргентиналық Николас Кикермен шеберлік байқасады.