Әйбат апа
Алматы ақшамынан» Қали Сәрсенбайдың «Екі жыл жазылған мақала» (№20, 16.02.2018 ж.) атты жарияланымын оқып, қолға еріксіз қалам алдым. Мақалада өте құнды пікір, ұсыныс айтылған екен. Әрине, әрбір перзент үшін анасынан артық асыл болмайды. Сондықтан әркімнің анасы туралы жазған мақала, эссе, ой-толғаныстары көңілден шығып жатса, жариялауға дайынбыз дегеніне сондай қуанып, тап бір арманыма жолыққандай анам туралы жаза бастадым. Көркем тілмен төгілдіріп жазбасам да ерекше, оқиғаға негізделіп жазылды деп ойлап, өздеріңізге жолдап отырмын, – дейді алматылық оқырман Бәтес Бәйкенова.
Аталмыш ұсынысқа алғаш үн қосқан оқырманның туындысын жариялап отырмыз. Оқып көріңіз, ой қосыңыз. Алайда, оқырманға айтар бір тілегіміз, мұндай дүниелер жұртқа ой салып, тағылымға, қызықты оқиғаға толы болса құба-құп дейміз.
Менің әкемнің әкесі, яғни атам Кабеков Тұрқожа обал-сауапты білетін молла, намаз оқыған кісі екен. Жұмахан, Бурахан, Ысқақ, Әбдікәрім атты төрт ұлы, Майсан атты қызы болыпты.
Жұмахан кезінде болыс болған, жастай өлген. Бураханнан Пайыз, Хамит атты екі ұлы Екінші дүниежүзілік соғыста мерт болған. Кабеков Ысқақ бұрынғы Семей облысы, Ақсуат (қазірде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай) ауданынан ең алғашқы дәрігерлік оқу оқыған адам. Омбы қаласында қызмет істеп жүргенде, басшысы Көлбай Төгісов үш жүз партиясын құрып, жау қолынан мерт болған. Қазақтың біртуар азаматы Сәкен Сейфуллин ағаның «Тар жол, тайғақ кешу» шығармасында айтылады. Қуғын-сүргін кезінде 4 милиционер келіп, тоқсанға тақаған Тұрқожа атаны тұтқындайды. Ата еш жазығым жоқ үкіметке деп қарсыласады. Әйелі: «Моллаке, мені қайда тастап барасың?» – дегенде, «Мен енді жоқпын. Кәлимамды айтып кетіп барамын», — деген екен. 1937 жылы 23 желтоқсанда атаны Көкпекті түрмесінде атады. Қай жерде жерленгенін білмейміз. НКВД мекемесіне хат жазғанмен, іздеп табыңыздар деген жауап жоқ. Әкем Әбдікәрім Ақсуат ауданы Жәнтікейде (Сұяу тал) мектеп директоры боп тұрғанда, жау деп Қиыр Шығысқа жер аударады. ҚХР – Қытайға 40-50 км. қашықтықта тұрған адамдарды, мыңдаған км. қашықтықтағы Жапония елінің тыңшысы деп қудалапты. Қытайдікі десе бір сәрі. Әкем Тайганың тоңын жастанып мәңгі сол жақта қалды. Анамды мұғалімдіктен шығарды. Мен іште қалып, анамның құрсағында анам қайғырғанда қоса қайғырып жылаған болуым керек. Қазірде көңілім өте бос. Жылаған адамды, Көкбазар жақтағы қол жайған адамды көрсем, көз жасымды ешкімге көрсетпей жылап аламын. Анам 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста Сталинград қаласы үшін соғыста бір аяғынан айырылып келген Байкен ағаға тұрмысқа шығады. Бір аяғы жоқ болса да аға қысы-жазы тебінде болатын, қораға қамалмайтын жылқыны күні-түні көмекшісі екеуі бақты. Колхоздың бір бас малын екеу ғып көбейтті. Анам екеумізді асырады. Қуғын-сүргін отбасы мүшесі деген қағазды үкімет бермеді. Ондай қағазды алу үшін, анам екеуміз түрмеде болуымыз керек екен. Сіз Әбдікәрімнің биологиялық ұрпағысыз деген бастыққа таң қалдым. Байкен ағаға ризамын. Мені оқытты, асырады. Байкен аға бейіште нұрыңыз шалқысын. Сіз мәңгі жүрегімдесіз. Намаз оқып, дұға жасаймын. Байкен аға өмірден өткен күні, анам қайтейін-ай деп көп жылады. Сонда көрші Дәрі апа (Дәріжан) қайтушы едің, деп құлағына тақап бірдеңе айтты. Арамызда 2 адам жылауда отырмыз. Не айтқанын білмедім. Анам онан соң қайтейінді айтпады, бірақ өксіп-өксіп көп жылдады. Дәрі апаның қандай құдіретті тоқтау сөз айтқаны көп жылдан соң есіме түсті. Кеш еді. Дәрі апа да, анам да жоқ сұрауға. Бір туысымыз ауырып жатқанда таныстары келіп, көңілін сұрап, не істеп жатырсыз, – дейді ғой. Не істеуші едім. Өлген адамдармен (туыстармен) сөйлесіп жатырмын депті. Естігенде, өлген адамдармен қалай сөйлеседі деп күлген едім. Күлген күле жетеді дегендей, менде балалар жоқта, жалғыз болғанда марқұмдарды еске аламын. Анамнан, Дәрі апамның жұбатудағы құдіретті сөзін неге сұрамадым деп өкінемін. Отбасын құрып, балалы болған соң дәм тартып Ақсуаттан бірнеше мыңдаған шақырым Жезқазғанға көшіп бардық. Ол кезде Жезқазған жеке облыс орталығы, кейін Қарағандыға қарады. Үй жоқ. Соғыс мүгедегінің мүшесі ретінде анама Алашахан көшесінен үй берді. Анама бір қызымды аға фамилиясына шығарып, елде жүргенде бергенмін. Ол ет комбинатына жұмысқа тұрды. Технолог оқуын оқыған еді. Қол жұмыс істегендерге де кезексіз үй береді екен. Зейнеткер болсам да жұмыс істеп үй алдым. Ол жерде соғыс мүгедектерінің отбасына, көпбалалы аналарға арналған тамақ дүкендері жеңілдікпен тамақ сатады екен. Соған тіркеліп, жағдайымыз көп ұзамай түзеліп қалды. Жезқазған әсем қала. Орталықта бір үйдің үлкен қабырғысына (4 қабат үй) ғарышқа алғаш ұшқан Гагариннің үлкейтілген суреті тұратын. Кейін С.Сейфуллин ағаға өте жақсы ескерткіш орнатты. Орталық паркте қуғын-сүргін көрген адамдарды еске алып, шелпек таратқан. Алашахан көшесіндегі үйіміз базарға тақау қолайлы еді. №8 мектепте балаларым оқыды. Кіріп барғанда залда атақты адамдардың портреттері тұратын. Директоры Нәписа аяулы жан еді. Драма театрының көрнекті артисі Ибраева мектепте үйірме ұйымдастырып, концерт қоятын. Бірде сынып жетекшісі Ақмарал концертке келіңіз деді. Бардым, екеуміз қатар отырмыз. Сахнаға үсті-басы қан бір бала шықты. Түріне қарасам, он оқитын Бақытбегім. Қобалжып Ақмаралдың қолынан ұстай алдым. Қорықпаңыз, ол пьеса ғой, Қайрат Рысқұлбеков болып тұр дегені. Ол күні қобалжығанымен ұлым пьесада ойнаған деп мақтанғаным бар. Жақсылық пен жамандық қатар жүреді екен. Көп ұзамай анам өмірден өтті. Анамның өмірден өтуі жан-дүниемді астан-кестең етті. Жезқазған қаласында мыңдаған адам жүрсе де, өзім жалғыз қалғандай болдым. Анам тиянағым, асқар тауым, ақылшым екен. Алашахан көшесінде Ана туралы өлең шығарған Жақсыкелді Сейіловпен көрші тұрғанымды кейін білдім. Кішкене ұлы әкесіне арнап дұға оқуы қандай ғанибет болды сол кезде. Бір күні атақты Олжас Сүлейменов конференция өткізді. «АЗиЯ» кітабын таратты. Маған да біреуі тиді. Жиналысқа қатысып үйге келсем, анам: – Қайда жүрсің Көкжардағы Бейсенбектің әйелі келіні екеуі келіп, гардеробтан ақ белдеуді алып кетті, – дегені. Е, анам түс көрген ғой деп ойлап, тездетіп тамақ істеп бердім. Телевизорда қазақша кино болды. Кино көрейік дедім анама. Өзің көре бер мен «Парасат» журналын аздап оқып, сонан соң ұйықтаймын деді. Кино көріп отырып, анам жаққа қарап қоямын. Журналды жанына қойып, ұйықтауға жатты. Тағы бір қарасам, екі беті албырап қызарыпты. Кино да бітті. Анам жаныма келе бергенде селкілдей бастады. Жерге көрпе жайып, анамды жатқызып, есіктес көрші Маяға дәрігер шақыршы дедім. 3 қабатта атақты дәрігер Марат тұратын. Марат тез келді де, жедел жәрдем шақырды. Дәрігерлер тексеріп, миына қан құйылған деп, анамның көзін уқалап жабуға тырысты. Укол салды. Анам үнсіз сұлқ қалды. Марат: «сабыр сақтаңыз», — деді. Сол кезде Маяның хабарлағаны бойынша қызым мен күйеу бала келді. Бақырып жылап отырмын. Қызым: Жасыңыз талайға келді, сабыр сақтаңыз, біз бақырсақ не болар еді. Анамды дұрыстап жатқызайық деді. Қайран анама полигон туралы, қолы жоқ, аяғымен сурет салатын Күйіков туралы, Олжастың жиналысында айтылғандар туралы неге айттым деп әлі өкінемін. Солар әсер етті ме екен? Көршілер алып кеткен ақ белбеу өзі ме екен. Бізде ақ белбеу болмаған. Түсінде аян көрді ме? Ақсуатқа, еліме апаршы, бір көрейін дейтін. Қазір қыс қой, жазда апарайын дейтінмін. Ақсуатты көре алмады. Қазір өзім де Ақсуатты бір көрсем деймін. Анамның тілегін орындай алмағаныма қатты өкінемін. Кешір мені анашым, анасы бар адамдарға аналарыңның тілегін орындаңдар, әйтпесе өмір бойы өкінумен өтесіңдер демекпін. Жатқан жерің жайлы болып, бейісте нұрың шалқысын деп Алладан шын жүректен тілеймін. Әумин. Әкем Әбдікәрім Қиыр Шығыста Тайганың тоңын жастанса, анам Жезқазғанда қазақ зиратында жатыр. Төрт қабырғалы зират жиды балалар. Бір балам гранит тас әкелді. Оған аты-жөнін жазып берді көрші бала. Ол Жезқазғанда драмтеатрдың суретшісі болатын. Көп рахмет ол балаға. Ақсуаттан ағасының баласы Мақсұт, Аслан, Мұрат, құда туыстар келді. Мақсұттың анамның елін сағынғанын естіп жылағаны есімнен кетпейді. Аслан әкесінің апайы қазған жерге сия ма деп өзі ақымға жатып шыққаны туысқа деген махаббаты ғой. Қазір Мақсұт та, Аслан да өмірде жоқ. Алдарынан жарылқасын деп тілеймін! Әумин! Апамды бүкіл ауыл «Әйбат апа» деп атайтын. Анам ақылды еді. Бәйбішесінен ерте айырылған атаңды күт, батасын ал дейтін. Марқұм атаның жылын бергенде егіз ұлды болдым. Атаның батасының орындалғаны деп ұқтым. Қазірде балаларға бағынып, тыныш өмір сүрудемін. Немере, шөберелердің қызығын көргеніме Аллаға шын жүректен ризамын. Алла өмірден Әйбат анам құсап өтуге жазсын. Әумин! Оқымыстылар ананың екінші аты – Мейірім дейді. Адамгершілігі зор, нәрестелерін далаға тастамайтын, Алланың берген сәбиін аялайтын аналар көп болсын, әумин!
Бәтес БӘЙКЕНОВА.