Интернетті қуалап, мұғалім кетті домалап...

Интернетті қуалап,  мұғалім кетті домалап...
Сурет КТК видеосынан алынды

Түркістан облысында мұғалімдердің электронды күнделік толтыру үшін дала кезіп жүрген суреті тарады. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Министрліктің мәліметінше, сурет Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Аққұм ауылында түсірілген. Облыстық әкімдік ұсынған ақпаратқа қарағанда, бұл ауылда 432 адам тұрады. Ауыл тұрғындарына «Кселл» компаниясы ұялы байланыстың 2G және мобильді интернеттің 3G буыны бойынша қызмет көрсетеді.

Дегенмен, Түркістан облысының әкімдігі байланыс операторымен бірге ауылдардағы интернет қызметтерін жақсарту және қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлеп жатыр. Аталған жол картасына Аққұм ауылы да кіреді.

«Осы жол картасы аясында байланыс сапасын жақсарту үшін антенна-діңгек құрылысын салу жоспарланған. Содан кейін байланыс операторы - «Кселл» АҚ базалық станса орнатады. Байланыс операторынан базалық станса орнатудың нақты датасына қатысты ақпарат күтіліп отыр. Бұған қоса, министрлік байланыс саласында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын әзірледі. Аталған жоба аясында Аққұм ауылын қоса алғанда талшықты-оптикалық байланыс желісінің 3 мыңнан астам қызметімен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шара қарастырылған», - деп атап өтеді ведомстводан.