Іле-Балқаш резерваты құландармен толықты

Іле-Балқаш резерваты құландармен толықты
Сурет: Министрлік

Резерват аумағына бұғыларды жерсіндіру 2018 жылы басталған

Алтын Емел ұлттық паркінен «Іле-Балқаш» резерватына шамамен 50 бас құлан жеткізілді. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz Экология министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Құландардың ортаға бейімделуі жұмсақ түрде өтуі үшін жануарлар аумағы 22 гектар болатын арнайы қоршауға орналастырылды. Ол жерде шамамен 5-7 ай уақытқа дейін болады, одан кейін тұяқтылар табиғи ортаға жіберілмек.

Сонымен қатар аталмыш аумаққа тағы да бұқар бұғылары әкелінді. Резерват аумағына бұғыларды жерсіндіру 2018 жылы басталған болатын – сол жылы алғаш рет 5 тұяқты қоршау ішіне жіберілген. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ 2019 жылы 17 бас, 2020 жылы 30 бас, 2021 жылы 53 және биыл 54 бас бұғымен толықты, оның 15-і қазіргі таңда қоршауға жіберілген.

Қызыл кітапқа енген жануарлардың қозғалу аумағын бақылау мақсатында әр қоршаудың ішіне 2 фототұзақтан орнатылған.

Айта кетейік, тұяқтылардың Балқаш ауданына оралуы жолбарысты Қазақстанға жерсіндіру бағдарламасы аясында іске асырылып отыр. Оны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен бірлесіп, БҰҰДБ қолдауымен іске асырады.