Іле Алатауында 70 шақты қоңыр аю тіршілік етеді

Іле Алатауында 70 шақты қоңыр аю тіршілік етеді
kz.vesti.news

Бұл туралы Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы Аюсай визит-орталығында өтіп жатқан Қоңыр аю апталығы аясындағы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында айтылды.

Мамандар журналистер назарына ұлттық парктің флорасы мен фаунасы, орнатылған фототұзақтардың бірегей кадрларына ілініп қалған ірі жыртқыштар, соның ішінде Тянь-Шань қоңыр аюы туралы құнды мәліметтерді ұсынды. Тіпті көрнекілік ретінде аюдың бас сүйегін де ала келіпті.

– Ақ тырнақты аю ретінде танымал Тянь-Шань қоңыр аюы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Алайда соңғы жылдары қазақстандық зоологтар мен табиғатты қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың арқасында оның Іле Алатауы тауларындағы популяциясы айтарлықтай көбейді. ҚР БҒМ ҒК Зоология институты ғалымдарының есептеуі бойынша, қазіргі таңда Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында шамамен 70 шақты Тянь-Шань қоңыр аюы тіршілік етеді. Ол Іле Алатауының әр жерінде, соның ішінде атына заты сай Аюсай шатқалында да таралған. 2010 жылдан бастап, көктемнен күзге дейін әрбір мезгіл сайын жыртқыштардың іздерін және басқа да нышандарын тауып, тіркейміз, – дейді ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының териология бөлімінің ғылыми қызметкері, Халықаралық аюлар жөніндегі мамандар ассоциациясының (IBA) мүшесі, экология магистрі Санжар Қаңтарбаев.

«Іле Алатауы" МҰТП ғылыми-зерттеу жұмыстары және тау агробиоәртүрлілігі бөлімінің ғылыми қызметкері Тұңғыш Жапарқұлов тауға келушілерге арналған қауіпсіздік ережелерімен таныстырды.

«Аю – адам үшін қауіпті әрі мықты аң екенін түсінуіміз керек. Сонымен қатар оның тіршілік ортасына бармас бұрын дайындалып, тіршілігі туралы білу қажет. Аюсай визит-орталығының қызметкерлері шатқалда демалатын адамдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардан үшінші сарқырамадан жоғары көтерілмеуін өтінеді. Өйткені онда аюлар соқпағы бар және оларды кезіктіру ықтималдылығы жоғары. Сондықтан тауға аттанбас бұрын Қоңыр аю апталығы аясында өтетін дәрістерге қатысуға кеңес береміз», – деді ол.

Аталған бөлімнің бастығы Салтанат Усербаеваның айтуынша, іс-шара Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында тіршілік ететін Тянь-Шань қоңыр аюының ұйқыдан оянатын мезгілі, яғни 15-21 наурыз аралығына орайластырылған. Апталық аясында Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, мектеп оқушыларына, орталық қонақтарына арналған тегін дәрістер өтеді. Олар Қазақстанның жетекші териологтарымен танысып, экскурсияларға қатысады, «Мың Көз" соқпағымен (визуалдық тұжырымдамасының авторы Санжар Жұбанов) жүріп отырып, аюдың шынайы іздерін тамашалап, өзге де тіршілік нышандарын тануды үйренеді.

Мұндай іс-шаралар қоршаған орта мәселелеріне қоғамның назарын аударады, отандастарымыздың экологиялық ұстанымын және қаламыздың, облысымыздың тау экожүйелерін сақтауға дайындығын дамытуға көмектеседі.