Гүлнар Көкебаева: Оқушы орындарының тапшылығы 1,6 мың орынға дейін азайды

Гүлнар Көкебаева: Оқушы орындарының тапшылығы 1,6 мың орынға дейін азайды
Сурет: azh.kz

Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде аудандағы медициналық ұйымдардың, мектептер мен балабақшалардың құрылысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Спикердің айтуынша, ауданда «Шетсіз қала» бағдарламасы жүзеге асырылуда, басқаша айтқанда, әр шағынауданда білім беру, медицина нысандары, белсенді демалыс орындары болады.

«Бүгінде Көкжиек, Құлагер және Айнабұлақ шағынаудандарында барлығы 3 емхана 124 мың адамға денсаулық сақтау қызметін көрсетеді, қалған 50 мың тұрғынға шағын учаскелерге байланысты көрші аудандардың емханаларында қызмет көрсетіледі. Мемлекеттік емханалардағы ең өткір жетіспеушілік Кемел шағынауданында, Саяхат автовокзалы ауданында және жұмысшы поселкесі тұрғын алабында сезілуде», - деді Г.Көкебаева.

Осы түйткілді мәселені шешу үшін Кемел шағынауданында күніне 200 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Саяхат ауданында 1 647 ш.м құрайтын болашақ емхана үшін ғимарат сатып алынды, қазіргі уақытта күрделі жөндеу және емханаға қайта жабдықтау үшін ЖСҚ әзірленуде.

Құлагер шағынауданындағы жалпы ауданы 1 967 шаршы метр қолданыстағы емхананы кеңейту үшін үш қабатты ғимаратты күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірлеу үшін қосымша конкурс өткізіледі.

Аудан әкімі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу туралы егжей-тегжейлі тоқталды. Жетісу ауданында 21 мемлекеттік мектеп бар, онда 28 525 оқушы оқиды, жалпы жобалық қуаттылығы 18 381 орынды құрайды.

«Оқушылар орындарының санын арттыру үшін ауданда 1050 орындық үш мектепке жапсаржай құрылысы аяқталды. Осының арқасында оқушы орындарының тапшылығы 1,6 мың орынға дейін азайды», - деді Г. Көкебаева.

300 орынды №148 мектеп-гимназиясында, 300 орынды № 112 жалпы білім беретін мектебінде және 200 орынды № 103 мектеп-гимназиясында қосалқы нысан салу арқылы үш мектепті кеңейту жоспарлануда.

Мектепке дейінгі білім беруге қатысты Гүлнар Көкебаева Айнабұлақ шағынауданында балабақшаға қажеттілік байқалатынын хабарлады. Сондықтан бүгінгі күні Айнабұлақ-4 шағынауданында 160 орынды балабақша құрылысы жүріп жатыр. Оны биылғы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Өткен жылы Ратушный көшесінде 280 орындық бұрынғы балабақша ғимараты сатып алынды, оны жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр.