Газа секторындағы Қазақстан азаматтарының жағдайы қандай?

Газа секторындағы Қазақстан азаматтарының жағдайы қандай?
Сурет: Gov.kz

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. 

Қазақстанның Иордания мен Мысырдағы Елшіліктері Газа секторындағы ахуалдың асқынуының алғашқы күнінен бастап біздің отандастарымызды «Рафах» бақылау-өткізу пункті (БӨП) арқылы шығару, оларды одан әрі тасымалдау, сондай-ақ шет мемлекеттердің шекарасынан өту үшін тиісті құжаттармен қамтамасыз ету бойынша жәрдем көрсету мәселелерін пысықтауда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қақтығыс аймағындағы ҚР азаматтары мен олардың жақын туыстарының тізімін қалыптастыру, оны келісу және үнемі жаңартып отыру жөніндегі міндеттерге ерекше назар аударылады

Қазақстанның Каирдегі Елшілігі күн сайын Мысырдың Сыртқы істер министрлігімен және басқа да құзыретті органдарымен азаматтарымызды эвакуациялау шарттары туралы келіссөздер жүргізеді.

Газа секторының ерекшелігін ескере отырып, анклавта тұратын азаматтармен жедел өзара іс-қимыл жасау мақсатында мессенджерде тұрақты негізде арнайы чат ашылған. Аталған шиеленіс басталған кезден бастап әрбір азаматпен олардың орналасқан жері мен денсаулық жағдайын нақтылау үшін тікелей байланыс жүргізілетінін атап өтеміз.

Қазақстанның Иордания мен Мысырдағы елшіліктері осы елдердің Сыртқы істер министрліктерімен, сондай-ақ Палестиналық босқындарға көмектесу және жұмыстарды ұйымдастыру үшін БҰҰ Таяу Шығыс агенттігі (БАПОР), Халықаралық көші-қон ұйымы сияқты осы аймақтағы халықаралық ұйымдардың кеңселерімен тұрақты байланыста. Сонымен қатар, Палестинаның Қазақстандағы және Мысырдағы Елшіліктерімен құжаттарды тексеруге қатысты кейінгі жұмыстар бойынша уағдаластықтар бар.

«Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 1 қарашасында Газа секторынан шетелдік азаматтар мен қос азаматтығы бар палестиналықтарды эвакуациялау басталды. Алайда, өкінішке орай, 4 қарашадан бастап «Рафах» БӨП арқылы шетелдіктер мен жаралыларды эвакуациялау уақытша тоқтатылды.

Мысыр және Израиль тараптарының талаптарына сәйкес әр елге «Рафах» БӨП арқылы шетелдік азаматтардың өтуі бойынша белгілі бір күн беріледі. Бұл ретте ағымдағы өткізу қабілеті (тәулігіне 500-ге жуық адам), сондай-ақ шамамен 45 елдің елшіліктері ұсынған тізімдегі адамдардың жалпы саны ескеріледі, бұл шамамен 7000 адам.

Бүгінгі таңда Газа секторында біздің деректеріміз бойынша ҚР 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен бірге санағанда олардың саны 161 адам. Сонымен қатар, шетелдік азаматтардың отбасы мүшелерінің шығуына байланысты Мысыр тарапынан және Израиль тарапынан да белгілі бір талаптар бар. Мысалы, үштен бір бөлігі эвакуациялауға, яғни жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмейді. Бұл кәмелетке толған балалар, ерлі-зайыптылар, немерелер және балалардың жұбайлары. Осыған орай, біздің кейбір азаматтарымыз отбасы мүшелерін алып кету мүмкіндігі болмағандықтан Газа секторынан кетуге дайын емес.

Біз Қазақстан азаматтарын эвакуациялауын мүмкіндігінше тезірек жасау үшін барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз. Дегенмен, көп нәрсе бізге байланысты емес. Бұл әскери-дипломатиялық дағдарысты бүкіл әлем шешуге тырысып жатыр.

Өз тарапымыздан толық дайынбыз – азаматтарымыз Мысыр шекарасынан өткеннен кейін арнайы эвакуациялық борт Каирге ұшып шығады.

Шетелде Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Елшіліктерінің негізгі міндеттерінің бірі. Алдын алу шараларын қабылдау үшін біз Таяу Шығыс өңірдегі жағдайды бақылап отырмыз, өкінішке орай, оның шиеленісі күшейіп келеді», - деді министрліктің ресми өкілі.