Газа халқы үшін гуманитарлық дәліздерді ашу - қазақстандық дипломатияның бірінші кезектегі міндеті

Газа халқы үшін гуманитарлық дәліздерді ашу - қазақстандық дипломатияның бірінші кезектегі міндеті
Сурет: Rfi.fr

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Елдеріміз бен халықтарымыздың тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз еткіміз келсе, қазіргі геосаяси турбуленттілік пен экономикалық сын-қатер бізден ТМҰ шеңберінде келісілген күш-жігерді талап етеді. Сондықтан еліміз Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылықтың ушығуына қатты алаңдайды. Біз халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастыққа қосыламыз және Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты дереу тоқтатуға шақырамыз», - деді М. Нұртілеу Түркі мемлекеттері ұйымы сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында.

Министрдің айтуынша, Газа халқы үшін гуманитарлық дәліз ашу - қазақстандық дипломатияның бірінші кезектегі міндеті, ол қандай да бір алдын ала шартсыз орындалуға тиіс. 

«Қақтығыс тараптары Таяу Шығыста ғана емес, бүкіл әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін бейбіт келіссөзге назар аударып, БҰҰ-ның тиісті қарарларына сәйкес «Екі халық үшін екі мемлекет» формуласын қолдауы керек. Шынында да, қазіргі жағдай бұрын-соңды болмаған және оны еш болжау мүмкін емес. Осыған қарамастан Қазақстан БҰҰ Жарғысында және халықаралық құқықта бекітілген құндылықтар мен қағидаттарды берік ұстанып, теңгерімді, көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізуді жалғастыра береді», - деді Мұрат Нұртілеу.

Айта кетейік, Астанада Түркі мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері бас қосты.  Отырыс жабық форматта өтуде.

Бүгін елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммиті өтеді.

Бұл жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-дағы бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.

Саммит «Түркі дәуірі» ұранымен өтетін жоғары деңгейдегі пікірталастар үшін маңызды алаң болады.