Финляндия құрамасы 2022 жылғы шайбалы хоккейден әлем чемпионы атанды

Финляндия құрамасы 2022 жылғы шайбалы хоккейден әлем чемпионы атанды
Сурет: Championat.com

Өз тарихында төртінші мәрте жеңімпаз атанды

Шайбалы хоккей финалында Финляндия және Канада құрамалары кездесті. Құрамалар тартысты ойын өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Соған қарамастан, бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Екінші кезеңде канадалық Дилан Козенс 24-минутта мергендік танытты. Бұл сәтте финляндиялық құраманың бір хоккейшісі айдыннан қуылып, канадалықтар сан басымдығына ие болған еді.

Үшінші кезеңде финляндиялық хоккейшілер алға қарай ұмтылды. Нәтижесінде 44-минутта Микаэль Гранлунд таразы басын теңестірсе, ол 45-минутта өз құрамасын алға шығарды. Ал, финляндиялық Йоэль Армиа 54-минутта басымдықты арттырты. Канадалық Зак Уайтклауд 57-минутта есеп айырмасын қысқартса, 58-минутта Макс Комтуа таразы басын теңестірді. Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда финляндиялық Сакари Маннинен жеңіс шайбасын соқты. Нәтижесінде, Финляндия әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Осылайша, олар өзінің тарихында төртінші мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілді. Ал, 3-орын үшін сайыста Чехия хоккейшілері АҚШ құрамасын 8:4 есебімен сүріндірді. Айта кетсек, әлем чемпионаты 13-29 мамыр аралығында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында өтті.

Еске салсақ, биыл Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты топ-дивизионда А тобында жетінші орын алып, үздіктер қатарындағы деңгейін сақтап қалды. Әлем чемпионатында Италия мен Ұлыбритания бірінші дивизионға түсті. Олардың орнын 2023 жылы Венгрия мен Словения құрамалары басады.