ФАТИМА

ФАТИМА
jansugurov.kz

Қазақтың үш бірдей арысының музасы болған Фатима Ғабитованың күреске толы өмірінен бір үзік сыр

Ол сол кезеңдердегі қылышынан қан тамған идеология да, «халық жауының әйелі» деген ауыр айып та сындыра алмаған рухы мықты әйел, дарынды педагог және жүрегі мейірімге толы ана бола білді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін ол мемлекеттік наградалармен марапатталған. Ол – қазақтың Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров және Мұхтар Әуезов сынды үш азаматының музасы және олардың ұрпағының аяулы анасы бола білген Фатима Ғабитова. Оның бүкіл саналы ғұмыры бұралаңы мен бұлтарысы көп жолдардан тұрды. Бірақ ол қаншама кедергілерге тап болса да, барлық сынақты сынбай, мойымай, табанды, батыл, қайсар мінезімен жеңе білді.

БІЛӘЛ СҮЛЕЕВ

Фатима өз заманына сай білім алды. Ол орыс қыздар мектебінде, содан кейін татар медресесінде оқыды. Сосын оқу-білімін Алматы университетінің Филология факультетінде жалғастырды. 15 жасында-ақ Қапалдағы мектепте ұстаздық ете бастады. 1934 жылы Мемлекеттік баспа комитетінің фольклор және балалар әдебиеті редакциясын басқарды.

Бірнеше тілді жетік меңгерген Фатиманың тағдырына Ресейден жер аударылып келген неміс отбасы көп ықпал етті. Олардың шаңырағына қоныстанған келімсек әйел өте сауатты, әрі мәдениетті еді. Екі отбасы арасында өзара келісім болды. Өздеріне деген қамқорлықтың өтеуі ретінде ол Фатимаға неміс тілін, мәдениетін, еуропалық тәлім-тәрбие дәстүрлерін үйретті. Бұл алған дәрістері Фатимаға кейінгі өмірінде көп көмектесті.

Фатима Біләл Сүлеевке тұрмысқа шыққанда, 16 жасқа толған болатын. Көңіл қосқан азаматы көрнекті жас ағартушы, педагог, түрлі жанрда қалам тербейтін жазушы және журналист еді. Ол – Қазақстандағы халықтық және жоғары білім беру жүйесін алғаш ұйымдастырушылардың бірі. «Алаш Орда» қозғалысының бұрынғы мүшесі Біләл Сүлеев 1938 жылы «ұлтшыл» деген айыппен үшінші мәрте тұтқындалып, Ташкентте атылады. Ерлі-зайыптылар Фарида, Жәнібек және Азат есімді үш перзент сүйді. Фарида 1928 жылы Ақтөбеде жасөспірім кезінде қайтыс болған. Осылайша Фатима Ғабитованың маңдайына тұңғыш рет «халық жауының әйелі» деген таңба басылады.

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ

Осынау күрделі де қиын шақта Фатиманың өміріне оған бұрыннан сезімі бар Ілияс Жансүгіров енеді. Ол тұста ақын Ілиястың мөлдір мұңға, кейде асып-тасыған қуанышқа толы, әйел затына деген сүйіспеншілігін өрнектеген лирикалық өлеңдер жазып жүрген кезі. Фатима оның қаламының қуатын, дарынын білсе де, оған туған халқының ерекше бітім-болмысын суреттейтін жалынды өлеңдер жазбайынша, өзіне арнап ешбір туынды арнауына үзілді-кесілді қарсы болады. Ілияс Жансүгіровтің әйгілі «Құлагер» мен «Күйші» поэмалары осы кезде жазылған.

Арада бірер жыл өткенде Ілияс пен Фатима бас қосады. Ақын бірнеше рет тұтқындалған, соның кесірінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған Біләл досының балаларын өгейсінбей кеудесіне қысып, қамқорлығына алады. Бақытты некеден екі қыз дүниеге келеді – Үміт және Ильфа Жансүгіровалар. Болатты, алтыншы баласын Фатима Ілияс тұтқынға алынғаннан кейін босанады. Тіпті, Фатиманың маңдайына сәбиін жайлы жерде, қайғы-қасіретсіз өмірге әкелу де жазылмаған екен, толғағы НКВД-дан шығып келе жатқан сәтте дәл көше бойында басталады. Оны сөйтіп Бейімбет Майлиннің зайыбы Гүлжамал босандырып алады. Ілияс ұлын түрмеде бес минутқа ғана рұқсат етілген жүздесу кезінде көреді. Оған мейірлене қарап тұрып: «Ұлымыз қарапайым етікші болсын, оған етік тігуді үйрет! Жазушы болып жазықсыз түрмеде отырғаннан гөрі аяқкиім тігіп, бостандықта өмір сүрсін!» – дейді іштегі ащы қыжылын сездірткісі келмей.

Жауап алу кезінде Фатима Ілиястың үйге келген достарының бірде-бірінің атын атап сатпады. Бірақ жұбайына тағылған айыптарды оқыған сәтте қыстығып жылап жібергенін айтады. "Мен өзімді қайраттымын, мықтымын деуші едім. Бірақ мына жалаларды оқып, өз-өзімді ұстай алмай, «О, Ілияс, қымбатты Ілиясым! Сізге анық жала жабылды, сіз еш кінәсіз зардап шектіңіз, қадірлім!» деп ағыл-тегіл жыладым", - деп еске алады.

Фатима өзінің күнделігінде балаларды Қапалға туыстарына жіберіп, аяулы жарының тағдыры туралы білмекке НКВД-ның табалдырығы мен кабинеттерінің есігін қалай тоздырғанын да жазады. Талай шенеуніктің алдына барып, Ілиястың қайда екенін сұраудан жалықпайды. Бірақ олар әртүрлі орындарды атайды. Фатима барлық аймаққа хат жолдап, сұрау салады. Бірақ Ілиястан ешбір хабар ала алмайды.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ

Заты, жаны нәзік әйел, көп балалы ана «шаш ал десе, бас алатын» саясаттың ауыр салмағын қалай көтерген? «Халық жауының әйелі» деген «қоңыраумен» қалай өмір сүрген? Шын мәнінде жанын жеген қасіреттен, қиындықтардан оны алып шыққан аналық махаббаты мен ер-азаматына деген адалдығы мен шексіз құрметі болатын.

Ол саяси қуғын-сүргінді де, соғысты да көрді, Ілияс ақталғанға дейін де өмір сүрді. Бірақ оның өліміне кінәлілерді, соның ішінде жалған айып тағып, арыстай азаматынан, балаларын әкесінен айырған саяси режимді кешіре алмады.

Ілияс қайтыс болғаннан кейін Фатиманың өмірі тіпті қиындап кетті. Барлық мүлкі тәркіленіп, одан жұрт «халық жауының әйелі» деп теріс бұрылды. Жұмысқа да ешкім ала қоймады. Балаларының ашқұрсақ қалған кездері де жоқ емес еді. Бірақ бұл әлем мейірімді адамдардан кенде емес, әсіресе, Ілияс пен Фатима Жансүгіровтер сынды халықтың сүйіспеншілігіне, ықыласына бөлене білген жақсы жандар үшін. Фатимаға сол бір сын шақтарда Біләл Сүлеевке де, Ілияс Жансүгіровке де бөтен емес, әріптес әрі шынайы дос бола білген Мұхтар Әуезов көмекке келеді. Қазақ әдебиетінің болашақ классигіне кеңес заманында тыйым салынған «Қилы заман» повесінің материалдарын жинауға сол тұста атағы аспандап тұрған ақын Ілияс Жансүгіров көмектескен болатын. Мұхтар Омарханұлы алдағы күндері бұлыңғыр, айдауға ұшыраған, астана мен өзге де ірі қалаларда өмір сүруіне мүлдем тыйым салынған, жалпы тіршілік ету мүмкіндіктері шектелген үлкен отбасын қамқорлығына алады.

Мұхтар Әуезов олардың мүмкіндігінше жайлы жерде тұруына ықпал етеді. Сөйтіп, Фатима балаларымен іргелі Мерке ауылына қоныс аударады. Әуезов Фатимаға үнемі қолдау көрсетіп, балаларына да барынша көмек қолын созады. Уақыт өте келе, бір-біріне деген риясыз пейіл мен достық құрмет махаббат сезіміне ұласады.1943 жылы ұлдары Мұрат дүниеге келеді.

«ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» ОТБАСЫ

Өмір Фатиманы маңдайынан сипап, еркелеткен жоқ: үлкен қызының жанбай жатып ерте сөнуі, екі күйеуінің қайтыс болуы, қудалау, түртпектеу, жер аудару. Бірақ ол тағдырына мойынсұнған жоқ, берілмеуге тырысты. Қан майданда, Смоленскінің ну ормандарында ұлы Жәнібек оққа ұшып мерт болады. «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған жігіт медсанбатта көз жұмғанда 21 жасқа да толмаған кезі-тін.

Фатима ана бұл қасіретті де нәзік иығымен көтере білді. Фатиманың балалары шетінен жақсы оқыды, орта мектепті «өте жақсыға» бітірді. Бірақ олар жүректері қалаған жоғары оқу орындарының табалдырығынан аттай алмады. Олар көңілі соқпаған білім ошақтарында оқыды. Жоғары оқу орындарын тәмамдаған соң, жұмысқа елдің ең түкпірінде жатқан шалғай өңірлеріне жіберілді. Қай жерде де «халық жауының» туыстары деген атау Жансүгіровтер отбасының қыр соңынан қалмай қояды. «Сонымен, теңдік қайда?! Бостандық қайда?! Маған бұл орайда бетіме тура қарап жауап беретін ешкім табылмай тұр! Мен Кеңес Одағына не істедім, оның алдында нендей кінәм бар?!» – деп жазады Фатима 1951 жылы күнделігінде.

Иә, оның бұл сауалдарына бір пенде тіл қатып, жауап бере алмады. Себебі, сол кездегі саяси жүйе адамдардың бәрін еріксіз меңіреу, саңырау, соқырға айналдырып жіберген еді.

Ілияс Жансүгіров атылғаннан кейінгі жылдары Фатима ол туралы ешбір ақпаратқа қол жеткізе алмады. Шындықтың беті Сталин қайтыс болғаннан кейін ашылады. Фатима күнделігінде Ілиясты сол кезде кімдер сатқанын, оған кімдердің жалған айыптаулар таққанын, тіпті, олардың арасында қай туыстарының болғанын да атын атап, түсін түстеп тұрып жазады. Сол екіжүзді ағайындардың ішінде Ілияс қайтыс болғаннан кейін де Фатимамен ештеңе болмағандай араласып тұрғандары болған. Мұны білген Фатима олармен қарым-қатынасын шорт үзеді. Ол күнделігінде өзін жұмыстан шығарғандардың кім екенін де, Ілияс ақынның қолжазбаларының жойылуына тікелей кінәлілерді де атайды. Тіпті, ол 1962 жылы ҚазКСР Жазушылар одағындағы партия жиналысында өзінің қайғы-қасіретіне тікелей немесе жанама түрде кінәлі адамдарды саусағымен көрсетіп тұрып, айыптау сөзін сөйлеген.

МҰРАЛАР ШЫРАҚШЫСЫ

Фатима алғашқы жары Біләл Сүлеевтің сенімді серігі, жақтаушысы және көмекшісі бола білді. Ол білікті педагог ретінде білім – бұл жарқын өмірге апаратын жол екеніне сенімді болды. Қазақ зиялыларының белді өкілі ретінде халық лайықты білім алуы керек деп санады. Оның пайымының бір жарқын мысалы – ол Мерке ауылындағы білім сапасын көтеруге, дамытуға үлес қосты.

«Адам үшін ең қымбат, ең қасиетті – туған халқы, Отаны!» – деді Фатима.

1953 жылдан кейін ол тек жарының ғана емес, қазақ зиялыларының барлық өкілдерінің аты-жөнін жалған, негізсіз айыптаулардан тазарту үшін үлкен күш жұмсады. Сөйтіп жүріп, қайсар Фатима жазықсыз кеткен жарын жасын сыртқа шығармай тұншыға, үнсіз аза тұтты.

Фатима – көтеріліс, революция, аштық, репрессия, соғыс сынды, елде түбегейлі бірнеше өзгерістер орын алған ғасырдың ұрпағы. Ұзаққа созылмаған бақытты сәттер, оның орнына тым ұзаққа созылған қайғы жамылған күндер, қуғын-сүргінге ұшырау – бұл тек Фатиманың ғана емес, сол уақыттағы мыңдаған «Отанын сатқандардың» әйелдерінің өмірі еді.

Олар тым жас кездерінде жетіліп, шыңдалды, олардың құлағына әрдайым партияның күші, биліктің қуаты және соларға үнемі бағынышты болу туралы құя беретін. Зылиха Жұмабаева өзінің қолжазбаларының бірінде былай деп жазады: «Мағжанның кесірінен азап шеккенім сонша, оған деген сезімім тұтастай қайғы-мұңға айналып кетті». Олардың кейбіреулері күйеулерін, бауырларын, балаларын қорғауды тоқтатпай, идеологиялық қысымға қарсы тұра да білген. Әрине, Фатима кейін ұрпағының алдында қатал жүйеге тайсалмай тура қарай білген тұлғаға айналатынын ойлаған да, білген де жоқ. Ол өмірінің соңына дейін күнделік жазған. Ішіндегісін, шемен болған шерін, мұңын, ренішін соның парақтарына түсіріп, ақтарыла сырласып отырған. Ашық та ащы ойларымен бөліскен.

Ілиястан айырылған Фатима өмірін балаларына және жарының атының өшпеуіне арнады. Ол ақынның қолжазбаларын өз өміріне төнер қауіпке де қарамастан, мұраларын келешек ұрпаққа жеткізу парызым деп санап, асқан ыждағаттылықпен сақтаған.

Ілияс Жансүгіров қайтыс болғаннан кейін 1957 жылы ақталды. Фатима бұл күнді күтті. Өзі де қуғын-сүргінде жүрсе де, көзінің қарашығындай қорғаштап келген Ілияс мұраларымен тынбай, көз ілмей жұмыс істеді. Ілиястың қолжазбаларын жинақтап, редакциялады, Жансүгіровтің 70 жылдық мерейтойын атап өту іс-шарасына белсене атсалысты. Осы оқиғадан кейін Фатиманың күш-қуаты қайтқандай болды, ол өңештің қатерлі ісігіне шалдықты. Ол қылышынан қан тамған режимді жеңе білді, балаларын тістеп жүріп жеткізді, Ілиясты қатал идеологияның шеңгелінен суырып алды, бірақ дертіне қауқары жетпеді. Қазақ елінің үш бірдей өр тұлғасының музасы бола білген Фатима Ғабитова 1968 жылы 6 қаңтарда өмірден озды.