Есірткі зертханасын ұйымдастырушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды

Есірткі зертханасын ұйымдастырушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды
Polisia.kz

Алматыдағы ірі есірткі зертханасының ұйымдастырушысы 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

2020 жылдың тамыз айында Наурызбай ауданының аумағында орналасқан бау-бақша қоғамдастығының бірінде есірткі зертханасы анықталды.

–  Есірткі зертханасына айналдырылған үйдің ішінде синтетикалық препаратты шығаруға арналған түрлі колбалар мен арнайы қондырғылар табылды және тәркіленді. Сондай-ақ дайын өнім – “мефедрон” психотропты заттары мен аса ауқымды көлемде а-PVP тәркіленді, – деді Алматы қаласы ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Әділ Салаев.

Белгілі болғандай, синтетикалық есірткі өндірісі үшін қолданылатын заттар мен зертханалық қондырғылардан тұратын жүктің Алматыдағы көлік-логистикалық компаниялардың біріне жеткізілуі полицияның назарын аудартты. “Жүктің” тапсырыс берушісі 45 жастағы К.есімді ер адам болып шықты.

Жүргізілген арнайы іс-шаралар оның заңсыз әрекетін және есірткі зертханасын анықтады. Ер адам ұсталды және сот оны ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (Аса ірі көлемде психотроптық затты сату мақсатында заңсыз дайындау және сақтау) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.