«Ерлік – елге мұра»

«Ерлік – елге мұра»
almaty-akshamy.kz

КСРО  әскерінің Ауғанстан жерінен  шығарылғанына биыл 35 жыл толды. Ауған соғысы  тарих беттерінде өзіндік із қалдырды.  

Атаулы күнге орай,  жуырда Алматы қаласы Үйлестіру кеңесі және  «Көк Байрақ»  ардагерлер қоғамдық бірлестігінің  ұйымдастыруымен  Ауған соғысының ардагерлері салтанатты түрде бас қосты. Алматыдағы 28 гвардиялық панфиловшылар саябағындағы соғыс құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында қойылған «Мәңгілік алау» мемориалы маңына жиналып,  майдандас достарының құрметіне гүл шоқтарын қойды, жауынгерлердің ерлігі туралы естеліктер айтылды. Жат елде, жат мекенде жау оғынан қаза тапқан майдандас жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ардагерлер  Ауған соғысы жауынгерлеріне қойылған  ескерткіш алаңына топтасып, қарулас  бауырларына тағзым етті. Сондай-ақ қайтыс болған тағдырлас бауырларына Орталық мешітте Құран бағыштап, шараға  арнайы шақырылған  жауынгерлердің  ата-аналарына  жұбату  айтып, жылы лебіз білдірді.

Салтанатты бөлімнен кейін шара «Ер есімі – ел есінде» атты  концерттік бағдарламаға  ұласты.  Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен  «Алатау»  дәстүрлі өнер театрында  өткен концертті 600-ге жуық көрермен тамашалады. Концертте  Ауған ардагерлерінің     «Панджшер» тобы,  Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазы бастаған мәдениет қайраткерлері мен  Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері, Б.Е.Хасанғалиев басшылық ететін П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің жастары, сонымен қатар соғыс  ардагерлерінің ұл-қыздары өнер көрсетті. 

Шара барысында  оқу орындарында ардагерлермен кездесулер ұйымдастырып,  жастарды отансүйгіштікке баулуға, патриоттық тәрбие беруге үлкен  үлес қосып жүрген бірқатар  кәсіптік-техникалық және орта білім беру мекемелерінің  басшылары,  ардагерлер емханасы мен аурухана басшылары, БАҚ өкілдері Алғыс хатпен марапатталып,  ардагерлерге қөрсетіп жатқан көмек-қолдауларына алғыс айтылды. Концертке қатысушылар ардагерлерге құрмет көрсете отырып, денеге түскен жара уақыттың өтуімен жазылар болса, жүрекке түскен сыздың ешқашан жазылмайтынын, ерлік ұмытылмайтынын жеткізді.

«Отан үшін күрес – ерге тиген үлес». Халқымыздың осы даналығы қашанда жүрек дәптерінде, сана сахнасында сақтаулы болса, жас ұрпақ азаматтық парызына адал болары анық. Еліміз қаһарман ұлдарын қашанда  пана тұтқан, Ауған соғысы қаһармандарын қадірлеп, құрметтеуі де – соның айғағы.

Өтер жылдар, айлар тағы алыстап,
Тағдыр талай тауқыметін табыстар.
Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың,
Ауғандағы азап шеккен арыстар!..

Расымен де,  өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, жылдар жалғаса береді. Бұған дәлел – бүгінгі ортамызда жүрген ауғандық жауынгерлеріміз. Олардың  бейбіт өмірдегі жарқын істері, қоғамдық жұмыстағы  белсенділіктері, түрлі кәсіп саласындағы жетістіктері ел мақтанышы екені даусыз.  Сол бір отты жылдары ауған жерінде  қару асынып, туған елге деген сағыныш пен соғыс тауқыметін арқалай жүріп,  бірін бірі бауыр дескен азаматтар айтулы кеште  құшақтары айқасып,  қуанышпен  қауышты.  Бақилық болған қарулас достарын еске алып, рухына тағзым етті.

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылуына 35 жыл толуына және  интернационалист-жауынгерлерді еске алуға  арналған мерекелік шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен  Алматы қаласы әкімдігіне, Алатау аудандық мәдениет бөліміне, Қазақстанның мәдениет қайраткерлеріне, жас өнерпаздарға Алматы қаласы Үйлестіру кеңесі, «Намыс » және «Көк байрақ»  ардагерлер қоғамдық бірлестігі алғыс білдірді.