Ерболат Досаев халықпен кездесу кезінде кішкентай баланың тұсауын кесті

Ерболат Досаев халықпен кездесу кезінде кішкентай баланың тұсауын кесті
Суреттер: Inform.kz

Алматы әкімінің Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуінде қария шаһар басшысынан шөбересінің тұсауын кесіп беруді өтінді.

Жиында аудан тұрғыны Серік Қармысбаев атты қария әкімнен шөбересінің тұсауын кесіп беруіне өтініш білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Айналайын Ерболат балам! Менің бір шөберем бар еді. Соның тұсауын кесіп беріңдерші осы жерде. Бір айтайын дегенім. Көп рахмет», - деді ақсақал.

Ерболат Досаев қарияның сөзін жерге тастамай, өтінішін орындап, бүлдіршіннің тұсауын кесті. Кейін ақсақал қазақы дәстүрмен балаға батасын берді.

«Тұсауың кесілді құлама, Тізеңді жаралап, жылама. Құлындай құлдыраңдап жүгірші, Кәнеки өзіңді сына да. Секірсең құздан сүрінбе, Шың құзға шыққанда бүгілме. Болаттай қабырғаң қатайсың, От, жалын ойнасын түрінде. Алла тағалам Бауыржанның батырлығын берсін, Абайдың ақындығын берсін, Күләштің әншілігін берсін, Табаның жерден таймасын. Өзіңдей сияқты Ерболат, Бір жерден шығатын үлкен азамат болсын! Аллаһу акбар», - деп батасын берді қария.

Еске салайық,  кеше Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті.