Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы ұзаққа созылуы мүмкін

Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы ұзаққа созылуы мүмкін
Сурет: Egemen.kz

Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім мен Самар аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне салынып жатқан көпір құрылысы уақытылы аяқталмай қалуы мүмкін.

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылы салына бастаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Бұл - Қазақстандағы ең ұзын көпір болатыны, жалпы ұзындығы - 1316 метрді құрайтыны айтылған еді.

Жоспар бойынша көпір құрылысы 2024 жылға дейін аяқталуы тиіс болатын.

Бірақ бір жылдың ішінде көпір салынып бітпейтін секілді. Бұған себеп - қаржы мәселесі. Көпірдің құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі қажет.

ШҚО әкімдігінде өткен мәслихат сессиясында аймақ басшысы Ермек Көшербаев бұл аса маңызды көпір құрылысы міндетті түрде аяқталатынын айтты.

«Көпірге республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі тиіс. Алайда қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі нақты шешімін тапқан жоқ. Бірақ үкіметпен келіссөздер жүргізілуде. Сондықтан құрылыс жұмыстары міндетті түрде аяқталады. Бірақ қаражаттың қашан бөлінетіні әзірге белгісіз», - дейді ол.