Елімізде жанармайды темір жол және көлікпен шығаруға тыйым салынған

Елімізде жанармайды темір жол және көлікпен шығаруға тыйым салынған
Суретті түсірген Қайрат ҚОНЫСБАЙ

Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Министр елімізде жанар-жағармайдың жағдайын реттеу үшін түрлі шаралар қабылданғанын еске салды.

«Жанармайды темір жол және көлікпен шығаруға тыйым салынды. Сондай-ақ ресурс иелеріне жанармайды тікелей жанармай станцияларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды», - деді Ақшолақов.

Сөзінше, сонымен бірге мұнайды жеткізу және мұнай өнімдерін сату кезіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталды.

«Бұдан басқа, былтырдың тамыз айында біз тапшылықты азайту үшін сараланған баға (450 теңге) және лимиттер (300 литрге дейін) енгіздік. Бірақ барлық шектеуге қарамастан, «көлеңкелі экспорт» арқылы отынды шығару мүмкіндіктері табылды», - деп түсіндірді ол.

Министрдің айтуына қарағанда, тапшылықты болдырмау үшін еліміз шұғыл түрде қымбат импорттық отынды сатып алуға мәжбүр болып отыр.