Елімізде Еңбек күнін мерекелеуге дайындық барысы қалай?

Елімізде Еңбек күнін мерекелеуге дайындық барысы қалай?
Сурет: Gov.kz

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда Еңбек күні мерекесі 2013 жылдан бастап жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде  атап өтіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

«Биыл бұл айтулы күн  24 қыркүйекке тұспа тұс келіп отыр. Еңбек күні – бұл күнтізбедегі нағыз еңбек мерекесі ғана емес, сонымен қатар жұмыс өмірінің сапалық көрсеткіші. Еңбек өмірінің сапасы дегеніміз бұл тұрақты жұмыспен қамту, қауіпсіз жұмыс ортасы, еңбекақының лайықты деңгейі, әлеуметтік кепілдіктер», – деді Ақмәди Сарбасов.

Ол сондай-ақ әлемнің 100-ден астам мемлекеті Еңбек күнін атап өтетінін және Жаңа Зеландия, Жапония, Қытай, Ресей, Беларусь сияқты бірқатар елдерде бұл мереке мемлекеттік мәртебеге ие екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Бірінші вице-министр мереке қарсаңында Еңбек құндылықтарын ілгерілету мақсатында мынадай іс-шаралар өткізілетінін айтты:

- еңбек адамдары мен түрлі кәсіп өкілдері туралы деректі фильмдер, тақырыптық бағдарламалар, айдарлар, хабарлар сериясын көрсету;

- әлеуметтік желілерде кеңінен тарату үшін «Еңбек адамын» (жұмысшы кәсіптерінің адамдары және т. б.) танымал ету және ілгерілету жөніндегі ақпараттық материалдар, роликтер, сюжеттер шығару;

- барлық өңірлерді тікелей қосу арқылы «Адал азамат – Адал еңбек» телемарафонын өткізу;

- барлық білім беру ұйымдарында «Менің жетістігім – менің нәтижем» тақырыбында онлайн дәрістер, сынып сағаттарын, студенттік пікірталастар өткізу;

- «Еңбек галереясы» фотокөрмелерінің серияларын, соның ішінде көрнекі жарнама құралдарын және т. б. пайдалана отырып іске қосу;

- Еңбек күніне орай «Менің жетістігім – менің нәтижем» ұранымен спорттық фестивальдар өткізу және т. б.

«Еңбек күнін мерекелеу аясында біз жыл сайын «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткіземіз, ол нәтижелі еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған», – деп толықтырды сөзін Ақмәди Сарбасов.

Конкурс жыл сайын үш номинация бойынша өңірлік және республикалық деңгейде екі кезеңнен өтеді: «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер; «Өндіріс үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын өндірістің ең белсенді және еңбекқор қызметкері таңдалады.

«Биыл жергілікті атқарушы органдар конкурсқа қатысу үшін 591 өтініш қабылдады. «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша – 143 өтініш, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша – 215 өтініш, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша – 233 өтініш қабылданды», – деді Ақмәди Сарбасов.

Ол сондай-ақ конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларының төрағалығымен комиссиялар айқындайтынын және салтанатты түрде марапатталатынын атап өтті. Бірінші орын иегерлері конкурстың республикалық кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.

«Конкурстың республикалық кезеңінің жеңімпаздарын Еңбек министрлігі жанындағы комиссия айқындайтын болады. Комиссия құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР ЕХӘҚМ, «Атамекен» ҰКП, «Қоғамдық келісім» РММ және әлеуметтік әріптестер өкілдері кіреді», – деп хабарлады вице-министр.

«Еңбек жолы» байқауының лауреаттары 2023 жылғы 22 қыркүйекте Hilton Astana қонақ үйінде Еңбек күніне арналған форум аясында өтетін салтанатты рәсімде жарияланады. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етіледі.