Елена Рыбакина Қазақстан – Германия матчында есепті 2:0-ге жеткізді

Елена Рыбакина Қазақстан – Германия матчында есепті 2:0-ге жеткізді
Сурет: Inform.kz

Елордада Билли Джин Кинг кубогы аясында өтіп жатқан Қазақстан – Германия матчында Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Е.Рыбакина дүниежүзілік рейтингте 232-орында тұрған Лаура Зигемундпен сынға түсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Е.Рыбакина 22 жаста болса, германиялық теннисші 34-те. Осыған дейін қарсыластар үш мәрте кездесіп, соның екеуінде қазақстандық теннисші жеңген еді.

Бұл жолы Е.Рыбакина бірінші партияда Л.Зигемундқа бірде-бір гейм бермей, 22 минутта 6:0 есебімен тізе бүктірді. Екінші сетті германиялық спортшы брейкпен бастағанымен, Елена таразы басын сол бойда теңестіріп қана қоймай, есепті 5:1-ге жеткізді. Сосын матчқа доп бергенде, қарқынын бәсеңдеткен жоқ - 6:1.

Осылайша, есеп – 2:0, Қазақстанның пайдасында. Қазақстан – Германия матчы ертең жалғасады. Қазақстандықтарға қалған кездесулерде бір ұпай алса, жетіп жатыр. Өз тарихында алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.