Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатында жеңіліп қалды

Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатында жеңіліп қалды
Сурет: Ашық дереккөзі

Қарсыластар осыған дейін кездеспеген

Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы А ҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 131-орында тұрған франциялық Клара Бюрельмен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін кездеспеген болатын.
Бірінші партияда франциялық спортшы басым түсті - 6:4.

Клара екінші сетте бірден 2:0 есебімен алға шықты. Ақыры сол қарқынынан жаңылған жоқ - 6:4.
Осылайша, Е.Рыбакина бәсекенің фавориті болғанына қарамастан, күтпеген жерден қарсыласына есе жіберді.

Сағат жарымға созылған матчта Е.Рыбакина 4 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Франциялық спортшы 4 эйспен бірге 3 брейк-пойнтты түгел өз есебіне жазды.

К.Бюрель екінші айналымда бельгиялық Элисон Ван Эйтванк немесе америкалық Винус Уильямстің біреуімен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.