Елде соңғы үш жылда зейнет жасындағы адамдарды еңбекке тартудың үлесі 27 пайызға өскен

Елде соңғы үш жылда зейнет жасындағы адамдарды еңбекке тартудың үлесі 27 пайызға өскен
Сурет: Newtimes.kz

 Бүгінде 65 жастан асқан 80 мыңға жуық еңбек ардагері әлі жұмыс істеп жүр.

Бұл деректі Статистика комитеті келтіріп отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мәселе зейнеткерлердің еңбек қабілеттілігінде емес, олардың ізін басатын жас мамандардың тапшылығында болып отыр.

Қостанай облысында 457 мың гектар жер орман шаруашылығының тікелей бақылауында. Мұндағы мамандардың дені - зейнет жасындағылар. Өйткені орманшылар тапшы. Қазірдің өзінде алып аумақты қамтуға 300-ге жуық маман қажет.

«Кадрлар кетіп жатыр. Жастар көбісі жұмыс істемейді. Әсіресе, біздің патриоттар дейміз ғой ақсақалдар, шалдарды, жұмыс істеп жүрген солар», - дейді Орман шаруашылығын қорғау инспекциясының бас инженері Болатбек Табылдин. 

Көкшедегі сүт өңдейтін кәсіпорынның инженері Серік Сәменовтің зейнетке шыққанына бірнеше жыл болған. Бірақ, ардагер маман әлі күнге дейін цехтағы қондырғыларды тексеріп жүр. Еңбек өтілі 40 жылдан асқан 66 жастағы инженер жастар келсе, білген-түйгенін үйретіп, ендігі жерде бейнеттің зейнетін көрсем дейді.

«Біздің мамандыққа қазір жастар тапшы. Еңбек етуге келгендер көп жұмыс істемейді. Бір-екі айдың ішінде қайтадан кетіп қалады. Мен сұраныс бойынша әлі де еңбек етіп жатырмын. Орныма қалдыратын жастар табылмай отыр», - дейді инженер Серік Сәменов. 

Жалпы, статистика комитетінің мәліметінше, еліміздегі зейнет жасындағы еңбеккерлердің басым бөлігі солтүстік аймақтарға тиесілі екен. Мәселен:

Қостанай облысында 20,9 мың адам, Ақмола облысында 20 мың, Солтүстік Қазақстанда 10,8 мың, Павлодар облысында 10,4 мың зейнеткер еңбек етіп келеді.

Жалақы мардымсыз болғандықтан, жастар ауылдан қалаға ағылады. Бірақ қалада да оларға жайлы жұмыс бұйыра бермейді. Өйткені тәжірбиесі аз мамандарды жұмысқа қабылдауы екіталай.

«Қазақтың алтын бесігі - ауыл. Біз сондықтан ауылды ойлап, сол ауылдың жер мәселесінде, баға мәселесінде, субсидия мәселесінде ауылға жәрдем бермесек, "дипломмен - ауылға" деп үгіттегеннен ештеңе болмайды. Оларды материалдық тұрғыда, яғни ақшамен, "ауылда жұмыс істесең, бай боласың" деп қана ынталандырсақ болады», - дейді экономист Сапарбай Жұбаев. 

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде 23 пен 35 жас аралығындағы 12 мың азамат ресми жұмыссыз ретінде тіркелгенін айтады. Бірақ, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың ауылға барғысы жоқ.