Дубайдағы EXPO халықаралық көрмесіндегі Қазақстанның ұлттық павильоны ең танымал 10 павильонның қатарына енді

Дубайдағы EXPO халықаралық көрмесіндегі Қазақстанның ұлттық павильоны ең танымал 10 павильонның қатарына енді
Сурет: Qazaqtv.com

Жарты жылға жуық уақыт ішінде еліміздің павильонын 1 млн 200 мыңнан астам адам тамашалаған.

Күн сайын Ұлы дала елімен танысуға ниеттілер ұзын-сонар кезекке тұрады. Отандастарымызбен қатар, шетелдік қонақтар да көп. Олардың саны тәулігіне 8 мың адамға дейін жетеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Ұлттық павильонның мазмұны көрменің «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру» тақырыбын толық ашады. Гидтер келушілерді еліміздің табиғаты, тарихы, мәдениеті, дәстүрі, сондай-ақ ел дамуындағы перспективалық жобаларымен таныстырып, жұмбақ және таңғажайып Қазақстанға интерактивті саяхатқа жетелейді.

«Павильонды көргеніме қуаныштымын. Қазақстанның табиғи ресурстарға, түрлі пайдалы қазбаға бай екенін де білмеппін. Бұл – мен үшін үлкен жаңалық. Сонымен қатар Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының жақсы дамығаны да таңғалдырды. Бұл өте әсерлі. Агоөнеркәсіп кешені заман ағымына сай дамып келеді екен. Қолөнер үлгілері, кіреберістегі шамдардың жарқырауы - барлығы жақсы ойластырылған. Кіргенде жусан иісін сезініп, Ұлы дала елінде жүргендей болдым», - дейді көрме қонағы /Палестина/ Валид Шатаев.

Келушілер арасында адамның жасанды интеллектпен байланысын көрсететін қорытынды акробатикалық шоу ерекше назарға ие.

Айта кетейік, Дубайдағы EXPO-2020 халықаралық көрмесі наурыз айының соңына дейін жалғасады. Оған барлығы 192 мемлекет қатысуда.