Депутаттар карантин туралы бөлек заң қабылдауды ұсынды

Депутаттар карантин туралы бөлек заң қабылдауды ұсынды
Сурет: Liter.kz

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазақстанға карантин туралы жаңа заң қажет санайды.

Депутат Айгүл Жұмабаева елде шектеу шараларын қабылдауға құқылы және өзіне жауапкершілік алатын заңмен белгіленген орган әлі күнге жоқ екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Былтыр "Төтенше жағдай туралы" заң бойынша елде төтенше жағдай режимі жарияланды. ТЖ мерзімі 30 күннен аспайтынына байланысты, осы мерзім аяқталысымен Қазақстан төтенше жағдай режимінен шығып, құқықтық турбуленттік күйіне түсті. Карантиндік шаралардың айқын ережелері жоқ. Соның кесірінен пандемия кезінде бизнес тыйымдардың өзінен емес, белгісіздіктен көбірек зардап шегіп отыр», - деді депутат.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы карантиндік шаралар туралы заң қабылдауды ұсынды. Онда карантинді енгізу тәртібі, мерзімі мен шарттары көрсетіліп, шектеу енгізуге құзыреті бар орган, оның өкілеттігі мен қабылданған шешімдер үшін жауапкершілігі айқындалуға, сондай-ақ карантин жағдайында кәсіпкерді қорғау шаралары қарастырылуға тиіс, деп есептейді депутаттар.