ДДСҰ видеоойындарды тәуелділік аурулар тізіміне қосты

ДДСҰ видеоойындарды тәуелділік аурулар тізіміне қосты
Cурет: Inform.kz

Оған медицина жинаған деректер себеп болған

Жаңа Халықаралық аурулар жіктемесінің 11-нұсқасы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде күшіне енді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған құжатқа бірнеше жаңа бөлім қосылған. Олардың қатарында дәстүрлі медицина бөлімі бар. Сонымен қатар тәуелділікпен байланысты аурулар қатарына видео және сандық форматтағы ойындарға құмарлық жатқызылды.
Құжатқа 55 мыңнан аса жарақат, ауру мен өлім себептері енді.

Құжатқа сәйкес, ойынқұмарлық (ағылшынша – gaming disorder) кезінде адам қызықты және күнделікті маңызды істермен айналысудың орнына бар назарын ойынға бөледі. Ол жеке, отбасылық және әлеуметтік өмірде проблема туындаған жағдайда, аталған жағдай 12 ай бойы жалғасса, анықталады. Алайда ауыр жағдайларда диагноз қою үшін аз уақыт жеткілікті.

Ойынқұмарлықтың аурулар қатарына қосылуына медицина жинаған деректер себеп болды. Енді мемлекеттер денсаулық сақтау саласында стратегиялар әзірлеу барысында бұл ауруды да назарға алуы керек.

Халықаралық аурулар жіктемесі – аурулар туралы баяндамаларға арналған халықаралық стандарт. Сонымен қатар тізім жаһандық масштабта денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтар мен статистиканы анықтауға мүмкіндік береді. Құжаттың алдыңғы нұсқасы 1990 жылдан бастап жарамды болған.