COVID-19: Вьетнамда дәрігерлер үлгермей жатыр, америкалық авиакомпания екпесі жоқ қызметкеріне 200 доллар айыппұл төлетеді

COVID-19: Вьетнамда дәрігерлер үлгермей жатыр, америкалық авиакомпания екпесі жоқ қызметкеріне 200 доллар айыппұл төлетеді
Сурет: Kursiv.kz

Болгарияның министрлер кабинеті эпидемиялық жағдайға байланысты төтенше жағдай режимін үш айға ұзартты. Елде коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп, ауруханаға жатқызылған науқастар саны артты.

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК әлемнің ковидтік ахуалына шолу жасайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Вьетнамда COVID-19-дан емделіп шыққан науқастар ауруханаларда жұмыс істеуге шақырылды. Жоба Хошимин қаласында жүзеге асырылуда: вирустың өршуіне байланысты дәрігерлердің жүктемесі артып, мамандар үлгермей жатыр. Сонымен қатар, бүгінде Вьетнамда коронавируспен сырқаттанғандар бойынша  тәуліктік антирекорд  – 12 096 жағдай тіркелді.

Америкалық Delta Air Lines авиакомпаниясы әр вакциналанбаған қызметкерінен ай сайын 200 доллардан ақы ала бастайды. Тасымалдаушы өз қызметкерлерін COVID-19 вакцинациясына итермелеу үшін айыппұл салған алғашқы ірі америкалық компания болды. Шара медициналық сақтандырумен қамтылған және 2021 жылғы 1 қарашаға дейін екпе алмаған қызметкерлерге қолданылады.

Жапония үкіметі коронавирустың таралуына байланысты карантиндік шектеу ережелерін қатаңдатуға мәжбүр, елдің тағы сегіз аймағында төтенше жағдай режимі енгізіледі. Бұл шектеулер қосымша Хиросима, Хоккайдо, Мияги, Айчи, Гифу, Мие, Окаяма және Сига префектураларын қамтиды. Аталған аумақтарда төтенше жағдай 27 тамыздан бастап енгізіледі және 12 қыркүйекке дейін жалғасады.  Шектеу шаралары Жапонияның 47 префектурасының 21-іне таралады.

Индонезияда билік Ява мен Бали аралдарындағы коронавирусқа қарсы шаралардың 30 тамызға дейін ұзартылғанын хабарлады. 
Қызмет көрсету саласындағы мекемелер мен қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы аздаған шектеулермен жүзеге асырылатын болады, сондай-ақ компания қызметкерлерінің 30-50%-ы үшін қашықтан жұмыс форматы қолданылатын болады.