Бүгін Сан-Марино – Қазақстан кездесуі өтеді

Бүгін Сан-Марино – Қазақстан кездесуі өтеді
Сурет: ашық дереккөз

16 маусымнан 17-не қараған түні футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысындағы Сан-Марино және Қазақстан құрамалары кездеседі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Кездесу елорда уақытымен 00:35-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ойын Италияның Парма қаласындағы 27906 жанкүйерге арналған «Эннио Тардини» стадионында өткізіледі.

Құрамалар H тобында ойын көрсетеді. Қарсыластары – Словения, Дания, Солтүстік Ирландия, Финляндия.

ҚазАқпарат мәліметі бойынша бұл кездесуде грекиялық Анастасиос Папапетрус бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Трифон Петропулос пен Иорданис Аптосоглу көмек жасайды.

Қазірге дейін құрамалар екі ойыннан өткізді. Қазақстандық футболшылар өз алаңында Словениядан 1:2 есебімен жеңіліп, Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірген еді.

Ал Сан-Марино құрамасы Солтүстік Ирландия мен Словениядан 0:2 есебімен жеңіліп қалды.

Сан-Марино - әлемдегі әлсіз құрамалардың бірі. FIFA рейтингінде ең соңғы 201 орында тұр.

Екі құрама бұған дейін 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында I тобында сынға түсті. Астанада өткен алғашқы кездесуде қазақстандық футболшылар 4:0 есебімен жеңіске жетсе, сырт алаңда 3:1 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ, бүгін аталған топта Дания мен Солтүстік Ирландия, Финляндия мен Словения шеберлік байқасады.

Ал В тобында Гибралтар мен Франция, Грекия мен Ирландия жасыл алаңға шығады.

С тобында Мальта мен Англия, Солтүстік Македония мен Украина, D тобында Уэльс пен Армения, Латвия мен Түркия ойнайды.

I тобында Андорра мен Швейцария, Беларусь пен Израиль, Косово мен Румыния шеберлік байқасады.