Бүгін Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне 30 жыл толды

Бүгін Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне 30 жыл толды

Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің қазақстандық секторында әскери қауіпсіздікті, елдің тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгін Қазақстанның Әскери-теңіз күштері өзінің 30 жылдығын атап өтуде. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ардагерлер мен азаматтық қызметкерлерді Тәуелсіз Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің құрылған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың құттықтау мәтіні

Құрметті әскери теңізшілер!

«ҚР Қорғаныс министрлігінің және Қарулы Күштердің басшылығының, сондай-ақ өз атымнан сіздерді, барша ардагерлерді Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік тірегіне айналған Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері Қазақстанның Каспий теңізі секторында егеменді еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін, тәуелсіздігі мен ел тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Әскери теңізшілер өздеріне артылған сенімді абыроймен орындап, оқу-жауынгерлік міндеттерді атқаруда кәсіби шеберлік танытып келеді. Құрылған уақыттан бастап отыз жыл ішінде қарт Каспийдің атырабында ұйымдастырылған барлық кешенді жаттығуларда Сіздер білікті маман екендеріңізді байқатып, сенімге селкеу түсірген емессіздер.

Мерейлі кәсіби мейрамда баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат, қызметте қырағылық, өмірде үлкен белестерді бағындыруда сәттілік тілеймін!» 

Айта кетелік, Қазақстан Әскери-теңіз күштері 1993 жылы 2 сәуірде Президент Жарлығымен құрылған болатын. Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің қазақстандық секторында әскери қауіпсіздікті, елдің тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде Әскери-теңіз күштері заманауи кемемен, қарумен және техникамен жарақтандырылған. Үздік әскери теңізшілер Еуропа мен Америка елдерінде білім алады.