Бірлік пен бірегейлік салтанаты
21 наурыз Халықаралық Наурыз күні ретінде танылды

Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ«Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі,
ҰҒА академигі
Бүгінде жалпыұлттық сананы жаңғыртқан Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы, Елбасы өзі айтқандай, халқымыздың тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерімізді алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамды нық басуымызға, болашаққа сеніммен бет алуымызға мүмкіндік береді. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу». Президентіміздің осы тұжырымымен бізге «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасын» ұсынып отыр. Осы ретте «ұлттық салт-дәстүрлеріміз,тіліміз бен музыкамыз, әдебетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс». Бұлардың бәрі де ұлттық құндылықтарымыз ретінде халқымыздың Наурыз мейрамымен біте қайнасып жатқандықтан, оның тарихы мен мазмұн-мақсатына кеңірек тоқталғым келеді.
Қазақ қоғамы наурызды сегіз күн тойлапты
Есте жоқ ескі заманда адамзат қауымының қалтқысыз атқарған міндетінің бірі – табиғатпен үйлесім мен үндестікті айрықша қастерлегені. Оның күні бүгінге дейін сақталып келген классикалық көрінісі – Наурыз мейрамы.
Ғалымдардың пайымдауынша, Наурыз мейрамы бастапқыда иран тілдес ортада, отырықшы халықтарда пайда болған екен. Кейін түркі әлемінің де мейрамына айналыпты. Қалай болғанда да, Наурыз – Еуропа мен Азия құрлықтарында кем дегенде, үш мың жылдан бері тойланып, әлденеше халықтардың салт-дәстүріне айналғанына қоса салтанатты іс-шараларымен жас пен кәрінің көңілін шаттыққа бөлейтін, болашаққа сенімін арттыратын ұлық мейрам.
Бұл мейрам алғашқыда адам мен табиғат арасындағы жарасымды бейнеледі. Тап осы күні ағаш, гүл отырғызылуы, оларға су құйылуы, адамның жануарларды ұрмауы, дала құстарына жем шашылуы табиғат-ананың бәрінен биік екенін күмән-күдіксіз мойындау. Келе-келе мейрам қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақты қастерлеген халықтық идеологияға айналды. Демек, Наурыз әлемдік діндер, мемлекет пайда болғаннан да бұрын адамдар өміріне кірген.
Мемлекеттің пайда болуымен Наурыз мейрамының ауқымы ұлғайып, маңызы артты. Енді оның мәні мен мазмұнында халықтық идеологиядан саяси идеология басым түсті. Басқаша айтқанда, мемлекет пен мемлекеттік билік наурыздың биік мәртебемен тойлануына кең жол ашқан, қадір-қасиетін арттырған факторлардың маңдайалдысына айналды. Мейрам күні еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін, құрық ұстаған жылқышыдан тақтағы патшаға дейін өзінің де, елінің де тілеуін тілейтін болды. Омар Һайам: «Кімде-кім Наурыз мерекесінде қуанып жүрсе, келесі наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді. Патшалар үшін бұл күнді ғалымдар белгілеп берген», деп жазуы әсте бекер емес. Наурыз мемлекеттілікпен, заңмен, ресми билікпен тығыз астасып кеткенін кезінде тап осы күні бай мен жарлының теңескенінен, тіпті жүріп жатқан соғыс қимылдарының тоқтайтынынан көруге болады. Күн мен түннің теңелгені, алдағы уақытта күннің ұзақтығы артатыны қоғамдық санада адамның, мемлекеттің өмірінің ұзарғаны, жасампаз қабілетінің артқаны ретінде қабылданып, амандықтың жамандықты жеңгеніне дәлел орнына жүрді. Мемлекет үшін бұдан артық қандай құндылық болуы мүмкін.
Наурыз қазақ топырағына ерте ғасырларда келсе керек. Қазақ хандығы тұсында Ұлы дала елінің айтулы мерекесі мәртебесіне ие болғаны сөзсіз. Сол күні айтылатын ықылас-тілектер, берілетін баталар – «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Дәулетті бас берсін», «Ұлыстың ұлы күнінде ұлың оңға қонсын, қызың қырға қонсын» – сөздік қоры, ұғым-түсініктері бойынша дәстүрлі қоғамның қаймағы бұзылмай тұрған жай-күйін бейнелейді. М.Ж.Көпеевтің дерегіне сүйенсек, қазақ қоғамы наурызды сегіз күн тойлапты. XІX ғасырдағы Қоқан тарихнамасында ол 30 күнге созылатыны айтылады. Бұл күндері түрлі діни іс-шаралар да атқарылған екен. Осының бәрі адамдардың өзара сыйластығын, түсіністіктерін бекіте түсу үшін қажет. Наурыз мейрамын дәстүрлі қазақ қоғамында «Ұлыстың ұлы күні» ретінде ұлықтаудан халқымыздың биік рухы мен гуманизмін көргеніміз ләзім. «Ұлыс» сөзінің дәлме-дәл баламасы – «держава». Бұл ұғым-түсінік төрт құбыласы тең мемлекетке қаратыла айтылады. Адамды адамның қанауы шектен шықпаған, дәстүрлі демократиясы бай мен кедейді бір-біріне ата жауға айналдырмаған, бодандық пен отарлықтың ауылы алыс қазақ елінде Наурыздың миссиясы осылайша дәйектелді.
Большевиктер Наурыз мейрамын қабылдамады
Патшалық отарлаудың зорлығы асқынған ХХ ғасыр басында наурызды тойлау дағдарысқа ұшыраған екен. Жер-жерде Ұлыстың ұлы күнін атап өту бәсең тартыпты. Абайдың: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен», деп өткен шақта жазуы кездейсоқ емес.
Бұл ойымызды «Қазақ» газетінің 1913 жылғы дерегі де мақұлдай түседі. Авторы көрсетілмеген «Наурыз» атты мақалада: «Наурыз — қазақша жыл басы, бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді» дей келе, наурыздың қай айда, қай күні келетіні бірде «марттың 1-де, екіншілері тоғызында» десетіні жазылған. Әйтсе де оның табиғатпен, адамдар тіршілігімен байланысы дәлме-дәл сипатталған: «Біздің жаңа жылымыз наурыз — марттың басын да болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қарайып, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп, көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, дем алып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп, жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып, жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз – наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ, ұнамды іс болар еді». Мақала: «Біз оқушыларымызды жаңа жылмен құттықтауға наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз» деген сөздермен аяқталады.
Таптық идеологияны бәрінен жоғары қойған большевиктер Наурыз мейрамын қабылдамады. Тоталитарлық билік үстемдік құрған Қазақстанда оны 1926 жылдан ашық тойлауға тыйым салынды. Сылтауы – діни мейрам. Әз-Наурыздың діни мазмұн мен сипаттан адалығы ешкімді жасына, жынысына, ұлтына, әлеуметтік мәртебесіне қарай алаламайтынынан көрініп тұрғаны қаперге алынбады.
Наурыз мейрамы мемлекетімізге қажет
Кеңестік жылдардың өзінде еліміздің батысында ол 14-наурыз күні «көрісу» деген ерекше атаумен ашылатын. Қараша мен желтоқсанда күшіне кірген қыстың құрсауынан шыға алмай қалған ел-жұрт, ағайын-туыстар арада 4-5 ай уақыт өткен соң ғана қатынас жолдары ашылып, әрі-бері жүруге мүмкіншілік туғанда қайта қауышуға, көрісуге қолдары жеткендіктен осылай атаса керек.
Менің ойымша, «көрісудің» маңызы мен қадірін енді барынша арттырған жөн. Оны барша Қазақстан ұлықтайтын болса, бірлік пен бірегейлігіміз артары ақиқат. Сонда ұлық мейрамды ұлықтау 2-3 күн ішінде тына қалмайды. Қытайлар тәрізді жаңа жылды бір ай бойы дүркіретпесек те, неге 9-10 күн қатарынан қызықтамасқа.
Наурыз мейрамы, ашығын айтқанда, табиғатқа емес, адамдарға, мемлекетімізге қажет. Наурыз жыл басы деп танылғанымен оның барша болмысы, философиясы жыл алмасумен шектелмейді. Алдағы күннен жақсылық күткендіктен үлкен-кішінің араласуымен тартымды, мазмұнды рәсімдер атқарылады. Өзіміз жылда көріп жүргендей, наурыз көже дайындалады, көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын-ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «Наурыз – ерлік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі. Наурыз – адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне бөлмейтін жалпыхалықтық ізгі мереке. Біздің ұлттық құндылықтарымыз, рухани мұраларымыз әз-Наурызбен біте қайнасқан».
Еуразия кеңістігінде орналасқан Қазақстан Батыс пен Шығыс өркениеттерін ежелден жатсынбай қабылдауда, бойына сіңіруде. Екі өркениет арасындағы бәсеке мен өзгешеліктерді де сезінуде. Солардың бір парасы Батыс жаңа жылы мен Шығыс Наурызы арасында жүріп жатқандықтан әзірге ол 1 қаңтардың пайдасына шешілуде. Себебі, 1 қаңтарға даярлықты бір ай бұрын бастаймыз, құлаш-құлаш жарнамалар ілінеді, БАҚ көтеріңкі көңіл-күйге толы мақалалар жариялайды. Наурыз тойы қарсаңында осылардың оннан бірі де атқарылмайды.
Маңызды үш мерке
Наурызды қарсы алу, тойлау жаңаша ізденісті талап етеді. «Шын мағынасында Жаңа жыл енді келді, табиғатпен бірге адам да жаңарды, бірлігіміз бен бірегейлігіміз нығаюда» деген идеяны ұлықтай отырып, алдын ала жарнама жасалып, хабар таратылып, жарыс, ойын-сауықтар өткізілгені жөн.
Әдетте желтоқсанның аяғында біз жылдың қорытындысын шығарамыз. Осындай салтанат Наурызға жетпей жатыр. Елде өткен түрлі жарыс, байқаудың нәтижесі Наурызда да шығарылып, мемлекеттік марапат, үкімет сыйлығы Наурызда берілуі керек. Наурызда мемлекеттік марапат беріліп, басқа да түрлі игі шара іске асып жатса, халық, әрине, оны асыға күтеді. Наурызды саясаттың өте пәрменді тетігіне айналдыратын уақыт келді. Оның мәні киіз үй тігу емес. Осыны сылтауратып, солтүстік өңірдегі кейбір басшылар Ұлыстың ұлы күнін сәуір айында атап өтуге ұсыныс айтып жүр. Уәжі – наурызда қыстың салқыны басылмайды, киіз үйдегілер тоңады-мыс. Сонда желтоқсанның 31-жұлдызы май тоңғысыз жылы болғаны ғой. Дұрысы – наурыз тойын мемлекеттік саясат, идеология, тәрбие жұмыстарының басты буыны мәртебесіне көтерген. Қазақстандық патриотизмді І Петр патша бекемдеген 1-қаңтармен қалыптастыра алмаспыз, ал ғасырлар бойы бабаларымыз қастерлеген әз-Наурызбен қомақты нәтижеге қол жеткізетініміз ақиқат.
Әрине, тойдың көп болғанынан зиян жоқ. Дегенмен, үш тойды – Тәуелсіздік күнін, Наурыз мейрамын, Құрбан айт күндерін бәрінен биік қойсақ, мемлекет құраушы ұлттың ішкі тұтастығын арттыра түсер едік. Бұған құқықтық негіз де бар. 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-сессиясында 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні ретінде танылды. БҰҰ наурызды атап өтетін мемлекеттердің Наурызбен байланысты дәстүрлер мен мәдениеттерді сақтап қалу және ары қарай дамыту шараларын қолдайтынын білдірді. Қажет болған жағдайда Наурыз мерекесінің танымалдылығын арттыру үшін күш салуға мүше-мемлекеттерді ынталандыратынын мойнына алды. Әлемдік қауымдастықты Наурыз жөнінде хабардар ету үшін осы мереке аталып өтетін мүше-мемлекеттерді Наурыздың шығу тарихын зерттеуге шақырды.
Қысқасы, тәуелсіз Қазақстан бабалар мұрасымен қайта қауышты. Ол бірлік пен бірегейлігіміздің салтанат құрғаны.