Биыл елімізде 604 есірткі сайты жабылды

Биыл елімізде 604 есірткі сайты жабылды
Сурет: Abai.kz

Бірақ Ішкі істер министрі сайттарды жабу мәселені түбегейлі шешпейді деп есептейді.

ІІМ биыл Қазақстанда 604 есірткі сайтын жапқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Марат Ахметжанов Үкімет отырысында есірткімен күрес барысы туралы айтты.

Министрдің сөзінше, есірткіні «телеграм-боттар» немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатыр. Мысалы, биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы интернет арқылы сатумен байланысты.

"Әрине, біз мұндай инкогнито интернет-дүкендерді жауып жатырмыз. Биыл 604 есірткі сайтын жаптық. Бірақ бұл шара мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені жаңа сайттарды ашу тез, ал оны анықтау ұзақ. Ұйымдастырушыларды анықтау одан да күрделі. Себебі, олар шетелдерде орналасқан", деді ІІМ басшысы Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар министр мұндай заңсыз «контентті» тоқтату үшін, заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтар қажет екенін айтты. Сондықтан кешенді жоспарда тиісті құралдармен қамтамасыз ету көзделіп отыр («Аргус», «Айрис», «Тритон»).

"Олар әлеуметтік желілер немесе сайттар арқылы есірткінің таралуын анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Кибернадзор» жүйесі сайттар ашылса, оларды онлайн түрде бұғаттайды, яғни жасанды интеллект өзі анықтап, дереу тосқауыл қояды. Сонымен қатар сайтты ұйымдастыратын және оны пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік болады", - деді Марат Ахметжанов.