Бибісара Асаубаева: "Атақты жеңіп алғаннан сақтап қалу қиынырақ"

Бибісара Асаубаева: "Атақты жеңіп алғаннан сақтап қалу қиынырақ"
Сурет: Ашық дереккөз

Қазақстандық шахматшы Алматы қаласында өткен шахматтан әлем чемпионатында блицте өз атағын қорғап, екі дүркін әлем чемпионы атанған болатын. 

Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Бибісара Асаубаева өзінің жарысқа дайындығы туралы әңгімелер, жеңістен кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

"Мен әлем чемпионатына мұқият дайындалдым. Маған үлкен жауапкершілік жүгі артылғанын сезіндім, өйткені атақты жеңіп алғаннан гөрі сақтап қалу әлде қайда қиынырақ. Бұл жолы үздік екенімді дәлелдеуім керек еді", - деді Бибісара Асаубаева. 

Бұл ретте спортшы әйелдер арасында өтетін маңызды турнирлер туралы айтты. Оның сөзінше, ірі додалар көп.

"Оның ішінде Үндістан мен Польшада өтетін екі гран-при сериясы, нокаут жүйесі бойынша өтетін әлем кубогы, жыл сайын өткізілетін жылдам шахмат пен блицтен әлем чемпионаты және әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты бар. Осы жарыстарда нағыз мықтылар бақ сынасады", – деп атап өтті шахматшы.