«Баяғы жартас - бір жартас»: Президент бір жыл бұрын берген тапсырмасының орындалмағанына сын айтты

«Баяғы жартас - бір жартас»: Президент бір жыл бұрын берген тапсырмасының орындалмағанына сын айтты
Сурет: Inform.kz

Президент мемлекет реттейтін бағаларды белгілеу кезіндегі жемқорлықты жоюды тапсырды

Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Былтыр елімізде баға күрт көтерілді. Әрине, әлемнің барлық мемлекетінде инфляция деңгейі жоғары болды. Дегенмен, тиісті уәкілетті органдар бағаны белгілеген кезде, оның қаншалықты негізді екенін мұқият қарауы керек. Мұның астарында экономикалық себептен бөлек, біреудің жымысқы әрекеті жатқан жоқ па деген сауал туындайды.

Мысалы, отандық өнім өндірушілер теміржол саласын жемқорлық жайлағанын айтып, үнемі шағымданады. Кәсіпкерлер нақты бір нысанға апаратын теміржолды пайдаланғаны үшін төлейтін ақының көлеміне байланысты наразылық білдіруде. Осыған орай, бір уақытта бірнеше өңірден – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарынан арыз түскен. Монополист компаниялар бағаны өз бетімен еселеп өсірген. Бұл халық тұтынатын тауарлардың бағасына бірден әсер етеді. Мен бір жыл бұрын Бәсекелестікті қорғау агенттігіне Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды тапсырдым.

Бірақ, «Баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалды. Кейбір адамдардың тұтынушы мен кәсіпкердің есебінен ғана пайда тауып отыруы дұрыс емес. Президент Әкімшілігіне бұл мәселені бақылауға алуды тапсырамын. Монополистердің заңсыз тапқан табысын қайтарып, атқарылған жұмыстар жөнінде маған баяндаңыздар. Өз пайдасы үшін өзгелермен сыбайласқан шенеуніктер бар ма, соны да анықтау керек. Жалпы, бағаны қолдан өсіруге мүлдем жол бермеу қажет», - деді Мемлекет басшысы.