Бастауыш сынып оқушыларының бәрі тегін тамақтанады

Бастауыш сынып оқушыларының бәрі тегін тамақтанады
Сурет: Egemen.kz

2023-2024 жылғы оқу жылдарында бастауыш сыныпта оқитын 1,4 млн бала тегін тамақтанады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1 қыркүйектен бастап 7 700 білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алады, олардың 382 мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Қазақстан мектептерінде 340 676 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде еңбек өтілі 10 жылға толмаған 147 402 мұғалім, 20 жылға жуықтаған 88 393, 20 жылдан асқан 104 881 педагог бар.

Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл 460 мың бала үшін 65,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл тұрғыда өңірлер арасында Маңғыстау облысының көрсеткіші (62%) мардымсыз көрінеді.

Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы биылғы оқу жылында толыққанды орындалмақ. Өңір әкімдіктері оған қажетті қаржыны бөліп қойған. Соның нәтижесінде 1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады.