Бас мүфти қаза тапқан кеншілердің туыстарына көңіл айтты

Бас мүфти қаза тапқан кеншілердің туыстарына көңіл айтты
Сурет: Мuftyat.kz

Бұдан бұрын Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында болған метан газының жарылуы салдарынан 6 кеншінің қаза тапқанын хабарлағанбыз.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қарағанды облысының «Абай» шахтасындағы жарылыстан қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Мuftyat.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қарағанды облысындағы болған қайғылы жағдайды ауыр қабылдадым. «Абай» шахтасында болған метан газының жарылуы салдарынан қаншама отбасы қара жамылды. Жарылыс салдарынан қарапайым жұмысшылар – шахтерлер қаза тапты. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан жарылыстан дүние салған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сондай-ақ жарылыстан зардап шеккен, жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Жаратқан жар болсын!» делінген жеделхатта.

Айта кетейік, 7 қараша күні таңда «Абай» шахтасында метан газы жарылды. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан. Оның 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан 6 кенші қаза тауып, 2 адам ауыр жарақат алды.