Францияда Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті

Францияда Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті
Сурет: Іnform.kz

Париж қаласында еліміздің егемендігіне орай концерт ұйымдастырылды

Парижде қазақстандық музыкалық мәдениеттің озық үлгілерін паш еткен «FORTE-TRIO» ұжымына француз жұртшылығы зор қошемет көрсетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Шетелдік көрермендерді тамсандырған «FORTE-TRIO» мемлекеттік триосының бұл концерті Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған халықаралық гастрольдер аясында өтті.

Қазақстандық әртістер Париж төрінде орналасқан әйгілі Сortot залында өнер көрсетті. Ғасырға жуық тарихы бар, акустикасы ерекше бұл концерттік залды әлемдік классикалық өнердің жарық жұлдыздары ерекше бағалайды.

FORTE-TRIO концерті туралы осыдан біраз уақыт бұрын Сortot залының сайтында жарияланған афиша көрермен назарына бірден ілікті. Трионың шеберлігі қазақстандық әртістердің өнерін тамашалауды асыға күткен көрермендердің көңілінен шықты.

Трио әртістері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның негізін қалаушы Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Мұрат Нарбеков (виолончель) пен Шолпан Манкеева (скрипка) отандық музыкалық өнерді жоғары деңгейде көрсете білді.