Балаңыз мектепке дайын ба?

Балаңыз мектепке дайын ба?
Сурет: интернеттен

9 айлық сабақтан шаршаған баланы жазғы демалысқа шыға сала келесі оқу жылына дайындау үрдіс болып кетті. Дені сау, шымыр болсын деп спортқа сүйрейміз. Ақылына ақыл, біліміне білім қоссын деп түрлі курсқа апарамыз. Заманның талабы деп тіл үйретуге тырысамыз. Демалыс уақытында баласын түрлі дәрігерге көрсетіп, денсаулығын бір тексеруден өтізіп алған ата-ананың ендігі жұмысы – мектепке киетін киімі мен керек-жарағын түгендеу. Almaty-akshamy.kz сайтының бүгінгі сауалнамасы да осы төңіректе өрбіді.

Бүгінгі күні баланың мектепке баруы да ата-ананың қалтасына аз салмақ емес. Әр адам үкілеген үмітінің өз ортасында жарқырап жүргенін, сапасыз аяқкиім киіп, денсаулығының құрымағанын қалайды. Алайда, сапалы дүниенің бағасына кез келгеннің қолы жете бермейді. Бір кезде 2 теңгеден сатылған дәптердің бағасы да қазір 15-20 есе қымбаттап кеткен. Алматының сауда орындарындағы бағаларды салыстырып қарап шыққанымызда, мектепке киетін ақ жейденің ең арзаны 3500 теңге, шалбар мен белдемшенің ең төменгі бағасы 5000 теңгеден екенін байқадық, сапасы да бағасына лайық екенін түсініп отырған шығарсыздар. Егер сапалы жейде мен шалбар алғыңыз келсе, қалтаңыздан 15-20 мың теңгеңізді санап беруге дайын болыңыз. Бұған қоса, бұл киімдерді кем дегенде, ауыстырып киетін тағы бір данадан алатыныңыз бар. Бұл жерге ауа райы салқындағанда киетін кеудеше, пиджак, жемпірді қосқан жоқпыз. Сөмкенің ең арзанының бағасы 5500 теңгеден басталады.  

Мемлекеттен көп балалы отбасының баласына берілетін киімнің дауы әлеуметтік желіні аралап кеткесін, ақшалай берілетін болған. Биылғы көмектің көлемі – 40 567 теңге. Желідегі ақпараттарға қарасақ, бұл көмекті алғандардың көбі ақшаны жеткізе алмаған сыңайлы. Базардың нарқы белгілі, сондықтан жетпей қалса, таңғалмаймыз.

Біз әңгімеге тартқан ата-аналар бағаның тұрақсыздығына, оны қадағалайтын органның жоқтығына ренішті.

 Гүлмира Аймағамбетова

Төрт балам мектепте оқиды. Үлкен ұлым кадет класында оқиды, оның формасы 77 мыңнан асады. Бұл тек мерекеде киетін киімі (парадная форма). Күнделікті киетін киімін былтыр алғанбыз, ол тар болып қалыпты, енді соны аламыз. Оның бағасы 22 мыңдай оған қоса аяқкиімін (берцы) алу керек. Ата-аналар бірігіп арнаулы дүкеннен аламыз, соны күтіп отырмыз. Екінші ұлым жекеменшік мектепте оқиды. Оған аса көп кетпеді. Ақ жейде (12 мың тг) мен шалбар (10 мың тг) және туфли  (22.000) алдым. Одан кейінгі бастауышта оқитын ұл мен қыздың әрқайсына үнемдеп алғанның өзінде 35 мыңдай ақша кетті. Кеңсе тауарлары мен сөмкелерін де енді аламыз.

 Әлия Оспанқызы

Биыл бағалар айрықша шарықтап тұр, тек Гласманда ғана форманың бағасы тұрақты, ал базардағы канцелярия заттарының құнын қадағалап жатқан ешкім жоқ, 3 оқушы балам бар, үшеуіне орта есеппен 400 мыңдай ақша жұмсадым, әрине ата-ана баласынан нені аясын, ең жақсыны алғың келеді, десек те шамамыздың келгенінше алдық.

 Ғайни Ысқақова

Қазіргі заттың сапасы жоқ, былтырғы киімді биыл кигізе алмайсыз. Қазақ отбасында жаз мезгілі жөндеу жұмыстарына және ағайын-туыстың тойын аралауға арналады ғой көбіне. Сол себепті балаларыма әлі мектеп формасын да, дәптер-қаламын да сатып алған жоқпыз. Жалақымызды әр айдың басында алатындықтан, қыркүйектің болуын күтіп жүрміз. Негізі жаздың күзге ауысар шағы көп отбасы үшін қаржылық жағынан оңай емес. Баланы мектепке дайындау да, үй-жайыңды, отын-суыңды қамдау да осы кезде қабаттасып қалады. Осындай кезде жұмыс берушінің тарапынан бір көмек болса екен, тым құрығанда жалақымызды уақытынан ертерек берсе ғой деп ойлаймын. Бағаның аспандап тұрғаны белгілі, өзімнің алатын 300 мың теңгемді 3 балама қалай жеткізерімді ойлап басым қатып жүр.