Балалар жазушыларын не толғандырады?

Балалар жазушыларын не толғандырады?
Суретті түсірген - К.Қонысбаев

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматыдағы "Достық" үйінде балалар басылымдары бас редакторларымен және балалар әдебиеті жазушыларымен кездесу өткізді.

Дөңгелек үстелде балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген шығармашылық интеллигенция өкілдері саладағы түйткілді тақырыптарды көтеріп, өздерін толғандырған мәселелер жайлы сөз қозғады. Атап айтқанда, балаларға арналған газет-журналдар редакциясында қызмет еткісі келетін жас буын тілшілердің аздығын, заманауи талаптарда әңгімелер мен ертегілер жазатын жазушылар қатарының сиреп кеткенін және басылымдарға жазылу мәселесін көтерді. Сондай-ақ, балаларға арналған фильмдер түсіру, театрларда өзекті қойылымдарды сахналау, әлеуметтік желілерде сапалы контент жасау жайлы ұсыныстарын айтты. Балалар басылымдарының басын біріктіретін қауымдастық құру, осы тақырыптарда жазатын қаламгерлер арасында жеке байқау өткізу, мектеп кітапханашыларының мәртебесін белгілеу қажеттігі де талқыланды.

Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған министрлер тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт" жобасы жүзеге асырылуда. "Балалар кітапханасы" бағдарламасын іске асыру мақсатында кітапхананың жаңа моделі құрылып жатыр. Биылғы оқу жылында 100 көркем, ғылыми-танымдық кітап оқығаны үшін белсенді оқырмандарды көтермелеу, электрондық кітапханалар және онлайн-ресурстарын құру, газет-журналдарды оқу мәдениетін арттыру шаралары қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар "Біртұтас тәрбие бағдарламасы" шеңберінде де ескеріледі. Мектеп кітапханашыларының мәртебесін, еңбекақысын көтеру мәселесі көп ұзамай шешімін табуы тиіс. Қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдармен талқылау жүргізілуде. Ал, балалар басылымдарына жазылуды мектеп ұжымдарымен, ата-аналар қауымдастығымен бірлесе талқылаймыз, деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Жиын соңында балалар басылымдары ұжымдарына Оқу-ағарту министрінің алғыс хаттары тапсырылып, марапатталды.