«Бақытты отбасы» бағдарламасына 51 миллиард теңге бөлінді

«Бақытты отбасы» бағдарламасына 51 миллиард теңге бөлінді
Cурет: Ашық дереккөз

1 маусымда өтінім қабылдау жоспарланып отыр

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысатын адамдардың саны артты. Бұл жөнінде Орталық комммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Қазір бұл бағдарлама аясында үш санатқа кіретін адамдар баспана ала алады. Олар – көпбалалы, толық емес және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар. Енді алдағы уақытта жетім және I-II топтағы мүгедек жандар да қатысуға мүмкіндік алады. Биыл «Бақытты отбасына» 51 миллиард теңге бөлінген. Осы ақшаға шамамен 5 000 адамға 2 проценттік ипотека беріледі.

«Биыл біз «Бақытты отбасы» бағдарламасын шамамен 15 маусымда бастаймыз. 1 маусымда өтінім қабылдауды іске қосамыз деп жоспарлағанбыз. Бірақ бүгінде тұрғын үй төлемдерін субсидиялау жобасын аяқтау қажет. Сондықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасын шегеруге шешім қабылдадық», – деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.