Айгүл ІСІМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор: Қазір де, бізден кейін де Абай қажет болып қала бермек

Айгүл ІСІМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор:  Қазір де, бізден кейін де Абай қажет болып қала бермек
Сурет: ашық дереккөз

Біз әдетте Абаймен мақтанамыз, «кемеңгер ақынымыз», «ұлы ойшылымыз» дейміз. Бірақ мақтану бір бөлек те, бағасына жету бір бөлек. Осы тұрғыдан алғанда «әттеген-ай» дейтін жағдайлар көп. Оған мысал ретінде соңғы уақытта Абай мұрасына шабуылдың көбейіп кеткенін айтсақ та жеткілікті. Біз осы төңіректегі мәселелерді филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақовамен бірге қарастыруды жөн көрдік.

– Айгүл апай, Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп анықтап берген Абайды жоққа шығаруға тырысу бүгінде кімге және не үшін керек, қалай ойлайсыз?

– Шынымен де, бүкіл саяси, әлеуметтік мәселелерді аттап өтіп, Абайды жоққа шығару соңғы бірер жылда қайта жаңғырды. Басқа емес, өзіміздің қазағымызға айтқызып қана қоймай, жыл сайын қайта-қайта есімізге салып отыратын болды. Абайды қорғай алмай отырғанымыз қазіргі Абайтанудың  деңгейін көрсетеді. Кезінде советтік билік Абайды «феодалшыл», «ескішіл», «таптық заманға қарсы, сондықтан совет үкіметіне қажет емес» деп жоққа шығарған. Әуелі Ресей патшасы, кейін тоталитарлық совет билігінің қуғын-сүргінінде жүріп, Абайды қорғау үшін Алаштың саяси элитасы бастаған ғалымдар Абайтанудың негізін салған зерттеулер жазып, Абайдың тұңғыш кітабін шығарып, сіз бен бізге Абайдың мұрасын сақтап қалды. Советтік кездің Абайтануы Алаш әдебиеттануын жоққа шығарып, «өзіміз пролетарлық тұрғыдан танытамыз» деп, біржақты болса да, Абай мұрасына ревизия жасап тынды. Абайды мүлдем жоққа шығаруға білімдері жетпеді. Тәуелсіздік алғалы бері Абайдың бірнеше жинағы шықты. Бұрынғыша: совет кезіндегі абайтанушылардың және олардың маңайындағылардың қатысуымен. Ең заманауи, ғылыми негіздісі – Қайым Мұхамедхан қатысқан 1995 жылғы екі томдық болды. 2022 жылы жарық көрген соңғы жинақта да Алаш Абайтанушылары келтірген ақын мәтіндері мен олардың Абай текстологиясына қатысты пікірлері ескерілмеген. Бұл – қазіргі Абайтанудың заманауи ғылымға сай болмағандығының белгісі.

Дегенмен Абайтанудың өз даму жолы бар. Ол – идеологияға, не билікке тікелей қатысы жоқ: өз дамуы ретімен келе жатқан сала. Абай жинақтарын алып қараңызшы: редколлегияда Абай туралы бір сөз айтпаған шенеуіктен бастап атышулы министрлерге дейін тұр. Солар неге бүгін жауап бермейді? Бұлар Абайға не бетімен қарайды?

– Өзіңіз білесіз, жуырда Жанұзақ Әкім «Қара сөзді оқыған сайын қазақ нақұрыстана береді» деп мақала жазып, төбеден жай түсіргендей болды. Сіздіңше, осындай пікір айтушылардың көздейтіні не?  Астарында не бар?

– Ол кісінің мамандығын білмедім, бірақ Абайтануға, оның ішінде Тұрсын Жұртбайға ескертпе айтатын деңгейде емес екені анық. Бұл пікірдің басты месседжі – автор Президентке хатында «Абайдың Қара сөздеріндегі ұлт ретінде қаралап, рухын жер қылатын сөйлемдерді алып тастау керек. Жалпы, тұтас ұлтты негізсіз қаралау әлем әдебиеті, өнер, философия мен өркениетте жат құбылыс» дей келе, «қазақтар туралы жағымсыз пікірлердің қалыптасуына әсер етті» дегенді алға тартып, «мектеп оқулықтарынан Абайдың қара сөзін алып тастау қажет» депті. Қазақ мектебінің 3 сынып оқулығында Абайдың өлеңдерімен қатар «38 қара сөзінен 60 сөзден тұратын үзіндіде надандық, жалқаулық, қулық т.б.  жағымсыз сөздер» бар екені көрсетілген. Бұл енді Абай емес, бұл сол оқулық авторларының қатесі екені айтылмаған! Көсегесі көгермеген оқулықтың тағы бір кемшілігі! Бастауыш сынып түгілі, осыншама сыни пікірді түсіндіріп беретін Абайтанушы саусақпен санарлық екенін ескерсек, 38 сөзді бастауыш мектепте контексінен жұлып алып беру – барып тұрған диверсия! 6 сынып оқулығында да бұдан сорақы үзінді контексінен алынып берілгені де орынды көрсетілген.

Жанұзақ Әкімнің негізгі ойы: «Абай қайтыс болғаннан кейін 1933 жылы 4.2 млн. қазақты аштықпен қыру кезінде пайда болған осы Қара сөздердің шығуының өзі тоталитарлық биліктің қазақты рухани жою үшін ойлап тапқаны емес пе» дегенге саяды. Осы ретте  «Абайдың қара сөздеріндегі ұлтымызды қаралап, рух пен намысты жер қылып, жастардың санасын улайтын жерлерді мектеп оқулығынан алып тастауды шешетін уақыт келді» деген автор. 

Ұрпаққа «жаны ашыған» Жанұзақ Әкім өз хатында «әйгілі» Батаеваның есімін бернеше рет ықыласпен атайды. Абайдан қазіргі қазақты қорғаған болып, автор Жұртбайдан гөрі, Батаеваны түсіндіруге басымдық береді. «Окно овертона» технологиясы осы ретте әдемі іске асқан:  Байтұрсынұлы, Аймауытұлы, Әуезовтен  кейін «Абайды сынағандар» деп Жанұзақ Әкім Батаеваны қойған! Жанұзақ Әкім өзі айтқандай, орыс тілі маманы Батаева Алаш Абайтанушылардың қатарында қалай тұрады?! Автор мұны соңғы есімге көзімізді үйрете беру үшін қолданғаны айқын. Бұл «окно овертона» – овертон терезесі – жағымсыз, қоғам бірден қабылдамаған ақпаратты осылай санаға сіңіру технологиясы! Алаш ғалымдары қатарына соңғы есімді енгізіп алу ғана! Жұрттың көзін үйрете беру! Жанұзақ Әкімнің мұнысы жарамады.

Батаева кім сонда?! Алаштың Абайтанушылары сияқты қазақ тілінің көзі қырағы маманы ма? Не болмаса Абайды түпнұсқада оқып, жоққа шығаратын деңгейде ме? Неге осы пікірді бұл адам шет елде ғана айтып, сол жақта бой тасалап жүр? Неге елдегі жиындарда жүзі көрініп, үні шықпайды?  Жанұзақ Әкім мырзаның осындай овертондық «қолпаштауымен» біз қазақтың бас ақынын осылай аяқасты ете алмаймыз!

– Ол үшін нақты әрекет, жүйелі жұмыс қажет емес пе? Бізде Абай атындағы университет, Абай атындағы институт, арнайы бөлімдер, Абай жинағының авторлық құрамы бар, мұның сыртында өздерін Абайтанушы санайтын қауым да баршылық. Олар неге үнсіз?

– Мұның бәрі қазіргі ғылымды басқарып отырғандардың қауқарсыздығын көрсетеді. Алматыдағы ғылыми-зерттеу институттарын басқарып отырған бір белгілі ғалымды атаңызшы? Жоқ! Ғалымдар бар-ау, бірақ оларды басқарып отырған – «НұрОтаннан» қалып, «Аманатқа» өтпей қалған шенеуіктер! Солар саяси менеджер ғана болып қала бермек. Ал ғылымға ғалымдар керек! Жас Абайтанушыларды қалыптастырмаған, күні бүгін өз қара басының қамы үшін, өз айналасын ғана қолдап отырған қарасақалдылардан арылатын кез келді. Жағдай осылай кете берсе, Жанұзақ Әкім  сияқтылар ғалымдарға ақыл айтуға көшеді әлі. Әл-Фараби атындағы университеттің Абай Институты шығарған Абайтанудың 50  том жинағында Абай сөзіне қатысты Әлихан Бөкейханнан бастап Қайым Мұхамедханға дейінгі ғалымдар жинақтаған бүкіл ғылыми мәтіндер мен деректер тұңғыш рет жүйеленіп берілген. Осы жинақ негізінде Абайтану курсын қазіргі заманауи тұрғыда жаңғыртуға болар еді. Бірақ Абайтану орталықтарының жұмысы бір-бірімен үйлестірілмеген. Әркім өз білгенімен жүріп жатыр. Абайтану заманауи, ғылыми негізді болса мұндай ессіздік болмас еді! 

Жанұзақ Әкім «овертон терезесі» тұрғысынан өз пікірін «Қазаққа қашан ес кіреді?» деп Асқар Сүлейменов айтыпты-мыс» деген сөзбен тәмамдаған. Күні кеше Әлия Бөпежанға хабарластым: Сүлейменовтың қай жинағында бұл сөздер жазылған деп. Еш жерде жазылмаған! Бұл сөзді айтқан-мыс, оны естіген адамдар тірі... Совет кезінде шығармасын «Бесін» деп намаздың атымен атаған, қожаның ұрпағы, Айтотыдай ананың ұлы Асқар Сүлейменов бұл сөзді айтыпты деп санасақ та, Адамзатқа ес қашан кіреді? Осы сөзді қайта-қайта айтушылар! Логиканы, басты, миды шамалы қоссаңыздаршы! Абайдың сөзі қазаққа ғана емес, адамзатқа айтылған аманат! Жаратушы тұрғанда, Одан жаратылған Адам мен Адамзат қалай есті болуы мүмкін? Абайды қайта оқыңыздаршы!

– Қазіргі ғылым мен білімнің басты мақсаты – адамның сыни санасын қалыптастыруға негізделіп отырғаны мәлім. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың өлеңдері де, қара сөздері де бүгінгі қоғаға, адамға нағыз қажетті дүние емес пе?

– Әрине. Маңайына, заманға сыни тұрғыдан қарай алмаған қоғамның келешегі жоқ екенін қазір анық көріп отырмыз. Өз қазағының пенделігін: адам тәннің құлы болмас үшін оның жануарлық кемшіліктерін сынаған Абайды оқулықтан алып тастау мына заманда кімге қажет? Неге әуелі Ресей патшасы, кейін совет билігі, енді ағылшынтілді қауым Абайды жоққа шығаруды басты идеологиялық құрал еткен? «Алланың өзі де рас, сөзі де рас! Әуелі аят, хадис – сөздің басы!» дегені үшін емес пе? Абай: «Атаның ұлы ғана емес, Адамның бауыры бола біл!» дегені үшін емес пе? Адамды адамға қарсы қоятын пендешілік: бес дұшпанын танытып, оны атап бергені үшін емес пе?

Иә, Алланың 99 есімінің бірі – Халық. Тәуелсіздік алған 30 жыл бойы өз елін тонап, қазақты бүгінгі кедейлік жоқшылыққа тіреген халық емес, ұйымдасқан шағын коррупциялық топ емес пе? Ондай тобырды танып, оны қалай жөнге салуды Абай айтып кеткен жоқ па?  Халық пен тобырды шатастырмайық! Олай болса жалпы Адамдық кодексін, Қазақтың  катехизисін  айқындап берген Абайды неге мектеп оқулығынан алып тастау керек? Келешек ұрпақ мына заманда насихатталып жатқан «түрлі-түсті құндылықтарды» қуып кетуі үшін емес пе? Адамның пенделігін сынап, айуандығын атап берген Абай бізге жыраулардан келе жатқан, заманға сыни көзқараспен қараудың зананауилығын көрсетіп кеткен жоқ па? Күні кеше «Елбасы» деген атауды тауып беріп, «тарихтағы қазақтың жалғыз нұры» дегендердің бүгін де төрге жайғасып алғандарын көргенде мен Абай үшін ұяламын. Ар, ұят деген қайда?!

«Қазақтың Бас ақыны» деген атақты Абайға Алаштың саяси элитасы бергенін есте сақтайық. Олар от кешіп жүріп Абай сөзінен рухани нәр алып, Отанды, қазақтың рухани құндылықтарын қорғауды өздеріне адамдық парыз санады. Абайды жүрегімен қабылдаған олар лауазым, ақы дәметпей, шаһидтік ғұмыр кешті – біз үшін. «Ел бүгіншіл, Менікі – ертең үшін!» деп қыршынынан қиылғандар Абайды тоталитарлық заманда қорғай алса, бүгінгі біздің Абайды қорғаған Жұртбайдың әр сөзін сынға алып отыруымыздың өзі – барып тұрған Абай меңзеген дұшпандық.

Қазіргі ғылымның талабы – заманауи сыни ойлау қажеттілігі бізге Еуропадан келген жоқ. Ханын «Дат!» деп тоқтатқан қазақтың жырауларынан келе жатқан сыни көзқарасты Абай қалай іске асырды? Отарлаудың зардабын шеккен Абай өз маңайын – қазағын сынауға  мәжбүр болып, «қайран сөзім қор болды тобықтының езіне!» деп бекер айтпаған. Абайдың қазақты ғана емес, адамды айуандықтан құтқаратын сөздері қазаққа ғана емес, қазіргі адамзатқа айтылған Аманат екенін танытатын уақыт келді. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деп Абай есті қазаққа айтқан! Мына заманда біз адам болып жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде ғана аман қалуымыз мүмкін. Жыртқыштық, басқаға қорлық көрсету сияқты әрекеттер біртіндеп кейін қалатын уақыт келе жатыр.

Адам жаны үшін күрес осы ретте алға шықты. Абай Қазақтың ғана бас ақыны емес, жалпыадамзаттық адамдықтың жолын меңзеп, оны бізге танытуды аманат еткенін есте сақтайық. Олай болса, кім болса соның Абайға ревизия жасауға, оқулықтан алып тастауға хақы жоқ. Қазіргі Абайтануға білімді, бүгінгі сөзді айта білетін, Абайдың әр сөзін қорғай алатын дарынды жастарды тарту керек. Зерттеу институттардың басшылығына осы жастар келмейінше, кім болса сол Абайтануды қор ете бермек.

– Әңгімеңізге рахмет!