"Айбын" орденіне қазақтың үш жауынгерінің есімі беріледі

"Айбын" орденіне қазақтың үш жауынгерінің есімі беріледі
Сурет: Akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде "Айбын" орденіне берілетін үш қазақстандық жауынгер туралы айтты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Президенттің сөзінше, еліміздің жылнамасына есімі алтын әріппен жазылған батырларымыз аз емес.

"Мен халқымыздың осындай үш даңқты перзентіне жеке тоқталғым келеді. Майданға взвод командирі ретінде аттанған Сағадат Нұрмағамбетов соғысты Берлин түбінде батальон командирі болып аяқтады. Сұрапыл соғыстың барлық қиындығын көрген ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болды. Айрықша қолбасшылық қабілетімен аты аңызға айналған тағы бір тұлға – Бауыржан Момышұлы. Ол майдан шебіндегі ең қиын шайқастарға қатысты, батальон, полк, дивизия басқарды. Оның қоршаудан шығу тәсілі кейін соғыс өнеріне "Момышұлы спиралі" деген атаумен енді. Рақымжан Қошқарбаевтың өшпес ерлігі де бүгінде еш талас тудырмайды. Ол – алғашқылардың бірі болып Рейхстагқа ту тіккен батыр", - деп айтты Мемлекет басшысы.