Қауіпсіз қала боламыз

Оңтүстік астанада қылмыстық ахуал айтарлықтай жақсарып келеді.

 

 Қылмыс саны барлық бағыттар бойынша 50 пайызға жуық төмендеген. Бұл ненің белгісі? Карантиндік шаралардың күшейгендігінен бе, жоқ әлде полицейлердің жүйелі жұмысының нәтижесі ме? Бұл ретте мамандар не дейді? Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бұған дейін бір емес, бірнеше рет қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтуді тапсырған болатын.

– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту қажет. Бұл – қаланың Полиция департаментіне берілген алғашқы тапсырмалардың бірі. Не атқарылды? Қалада тәулік сайын 550 бағыт бойынша полицияның 1650 қызметкері патруль жасайды. Олардың ішінде 350 патруль қызметкері барынша кримоногенді 32 учаскедегі тәртіпті қадағалайды. Мұнда төрт айдың ішінде қылмыс деңгейі 17,4 пайызға қысқарды. Полицияның 23 мобильді пункті ашылып, оған 2,5 мыңға жуық адам жүгінді. Оларға құқықтық және заңнамалық көмек көрсетілген. Патрульдік қызметті күшейту, полицияның мобильді пункттерін құру – құқықтық тәртіпті бұзудың алдын алудағы белсенді шаралар. Видеомониторинг жүйесінің зияткерлік әлеуетін арттыру қатар жүруде. Басты басымдықтардың бірі – қауіпсіздік болғандықтан алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша кешенді шараларды қабылдайтын боламыз, – деп атап өтті Б.Сағынтаев.

Алматы полициясы қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейтуді қолға алды. Қаладағы қылмыс деңгейін төмендету мақсатында Алматы Полиция департаменті жедел жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік беретін бірқатар ұйымдастырушылық-практикалық шараларды жүзеге асырды.

 

Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ,

Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры:

– 2019 жылдың қылмыстық ахуалын талдау негізінде қала әкімінің тапсырмасымен полицияның 41 стационарлық модульдік посты ашылған. Оның 4-еуі туристік полицияда және 37-сі ең криминогенді аудандарда орнатылған. Модульдік постта күндізгі уақытта учаскелік инспекторлар, түнде патрульдік полиция полкінің екі инспекторы қызмет етеді. Орнатылған модульдік полиция посттары қаладағы қылмыс жағдайына оң әсер етті. Стационарлық пост ашылған, жаяу патруль күшейтілген жерлерде құқық бұзу фактісінің азайғаны байқалады, алғыс айтушылар көп, бұл олардың жұмысының тиімділігін көрсетеді. Стационарлық полиция посттары орналастырылған сәттен бастап 7 мыңнан астам азамат өтініш білдірген, олардың өтініші бойынша 43 іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл өтініштер бойынша 2 200 әкімшілік іс қозғалды, 816 өтініш бойынша жауап шаралары қабылданды, 949 азаматқа заңгерлік көмек және кеңес берілді. Жалпы, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қалада қылмыс барлық бағыттар бойынша 47,8 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, модульдік пост орнатылған жерлерде қылмыс деңгейі орта есеппен 60 пайызға азайды. Алматыда күніне орта есеппен 1650 полиция қызметкері 550 мың криминогендік маршрутты күзетуге шығады.

Оның үстіне, Алматыда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты ерекше карантин режимі енгізілгелі бері қаладағы қылмыс деңгейі тұрақты түрде төмендеген. Осылайша оңтүстік астанада енгізілген шектеу шараларының оң әсері де байқалды. Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, көшелер мен қоғамдық орындардағы заңбұзушылықтар саны да айтарлықтай азайған.

Қалай десек те, қоғамдық қауіпсіздік – Алматы әкімдігі мен жергілікті полицияның ерекше назарында тұрған басты мәселенің бірі. Қаладағы қылмыстың алдын алуға қатысты кешенді шараларды жүргізудің нәтижесінде бүгінде қылмыс саны айтарлықтай азайып отыр. Егер осылай жалғаса берсе, онда алдағы уақытта Алматы ең қауіпсіз қалалардың қатарына қосылатыны сөзсіз.

 

Сіз не дейсіз?

 

Кәрібай ТАСШАБАЕВ,  Алматы қалалық Адвокаттар алқасының мүшесі:

 Формат өзгерді

 – Әлемдік пандемия басталғаннан бері Алматыда бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері төмендегені байқалады. Бұл – қуанышты жағдай. Бірақ тұрмыстық жанжалдар кездесіп тұрады. Дегенмен, жасыратыны жоқ, бізде қылмыстың жалпы санының 70 пайызын бөтеннің мүлкін ұрлау құрайды. Енді оның саны 58 пайызға азайды. Қоғамдық орындарда, көшелерде жасалатын қылмыстар да төмендеп келеді. Ал ұрлық, пәтер ұрлығы мүлдем орын алмайтын болды. Өйткені, қазір көптеген үй иелері тұрғылықты жерінде, яғни үйлерінде отыр. Бұл, негізі, қала билігі мен құқық қорғау органдарының тиімді жұмыс істеуінің нәтижесінен болып отыр. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев шаһарға әкім болып келе сала, қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне ерекше ден қойды. Алматыда көптеген мобильді полиция пункттері орнатылып, қоғамдық қадағалау күшейтілді. Қаншама бейнебақылау камералары қойылды. Онымен қоса, мегаполисте қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету форматы өзгерді. Аулалар мен қоғамдық орындарды қадағалау күшейді. Осының арқасында қала тыныш, қауіпсіз шаһарға айналып келеді.

 

Ерлан МАХАМБЕТОВ,  заңгер:

 Күрес күшейіп келеді

 Алматыда қылмыс қай ауданда жиі тіркеледі? Қаланың қауіпсіз аумақтарын қалай білуге болады? Осыған байланысты еліміздің Бас прокуратурасы қылмыстық құқықбұзушылық картасын әзірлеген болатын. Кез келген азамат ғаламтор арқылы статистика түрінде қылмыс жайында деректермен танысуға, сондай-ақ айрықша криминогендік аймақтарды көре алады. Бір қуаныштысы, қазір осы карта бойынша да оңтүстік астанада қылмыс саны төмендегенін байқауға болады. Бұл жергілікті полицейлердің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, қылмыспен күресті күшейткендігін көрсетеді. Әйтпесе, еліміздің ішкі тәртібін сақтау үшін еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Күн сайын емес, сағат сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін тәртіп сақшыларының өмірі қыл үстінде жүреді десе де болады. Бірақ соған қарамастан полицейлер елдің тыныштығы, халықтың амандығы үшін өз қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Егер жұмыс осылай тыңғылықты жүретін болса, онда олардың халық алдындағы беделі өсетіні сөзсіз.

 Дерек пен дәйек

2020 жылы қалада қылмыс саны айтарлықтай төмендеді. Атап айтқанда: қарақшылық шабуыл – 2,0 есеге; зорлау – 2,1 есеге; тонау – 2,2 есеге; бөтеннің мүлкін ұрлау – 2,4 есеге; пәтер ұрлығы – 3,0 есеге; көлік ұрлығы 2,6 есеге; көлік ішінен ұрлау фактісі – 37,5 есеге; көлік қапталындағы айналардың ұрлануы – 2,5 есеге; бұзақылық – 2,1 есеге; алаяқтық – 22,5 есеге төмендеді. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда орын алатын құқықбұзушылық 2,9 есеге; көшелерде 3,5 есеге; кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған құқық бұзушылық – 35,3%-ға; ұйымдасқан топ – 18,9%; бұрын жасағандар 17,5%; отбасылық тұрмыстық салада 32,4% азайды.

Сонымен бірге, қылмыстық құқықбұзушылық бойынша жалпы қылмыстардың ашылу көрсеткіші барлық бағыттар бойынша 11,6% жақсарды:

– қарулы қарақшылық шабуыл 6,6%;

– бөтеннің мүлкін ұрлау 6,9%;

– пәтер тонау 12,6%;

– тонау 19,9%;

– өзгенің көлік құралдарын ұрлық ниетінсіз иемдену 5,6%;

– бұзақылық 13,6%;

– алаяқтық 6,7%.

Абайлаңыз: алаяқ!

 Алматы қаласының Полиция департаменті интернет алаяқтардың көбеюіне байланысты қала тұрғындарын интернеттегі қызметтерді пайдалану мен тауарлар сатып алу кезінде сақ болуға шақырды.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ешкімге өзіңіздің жеке банк карточкаларыңыздың деректерін (банк карталарының суретін, CCV үш сандық кодтарды) немесе жеке деректеріңіз туралы мәліметтерді (жеке куәлігіңіздің көшірмесін) жібермеуіңіз керек. Интернет арқылы сатып алынатын тауарға ешқашан алдын ала төлем жасамаған жөн. Ал егер өзіңіз «OLX KZ», «Market kz», «Kolesа kz», «Krisha kz» мобильді қосымшалары арқылы затыңызды сатуға шығарсаңыз, тұтынушымен тікелей кездесу кезінде ғана төлем қабылдаңыз.

– Егер жарнамада көрсетілген сатылатын көлік немесе пәтер, жалға беру туралы хабарламалар арқылы өзіңізге керек нәрсені сатып алу үшін алдын ала төлем талап етілген жағдайда немесе қызмет түрін ұсынған тұлғамен байланыс тек «WhatsApp»  желісі арқылы ғана болса, бұл күдік тудыруы тиіс. Ешқашан «Qiwi», «Yandex» сияқты электронды төлем жүйелерімен есептеспеу қажет. Түрлі әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі сілтемелерге өте берудің керегі жоқ. Мұндай сілтемелер түрлі вирустарға толы болуы мүмкін және сол сілтемелер арқылы алаяқтар сіздің гаджеттеріңізде орнатылған банк қосымшаларына енуі ықтимал. Сонымен бірге, түрлі сайттарға өзіңіздің төлем картаңыздың мәліметтерін ешқашан енгізбеңіз, себебі мұндай фишингтік сайттар арнайы жеке мәліметтер жинау үшін жасалғандықтан, сіздің мәліметтеріңіз арқылы алаяқтар карточкаңыздан ақшаны оңай алып кетуі ғажап емес, – деп хабарлады қалалық Полиция департаменті.

Сондай-ақ, ғаламтор желісі арқылы табысыңызды еселейтін немесе ірі көлемдегі ақша ұтысы жайлы уәде берген күдікті ойындар мен конкурстардан бас тартқаныңыз абзал. Қымбат металдар, криптовалюталар, акцияларға қаржы салу арқылы қомақты  пайда табуға кеңес беретін күдікті жобаларға қатыспаған жөн. Ал егер қатысу туралы шешім қабылдасаңыз, ондай ұйымдар жайлы ақпаратпен толық танысып, түрлі пікірлерді оқу қажет. Сізге еш жерде тіркелмеген шетелдік телефон нөмірлерімен хабарласып, «QuestraWord», «AssetWordManagmet» сияқты түрлі компанияларға қаржы салуды ұсынуы мүмкін.

 

Ғаламтор айлакерлерінің амалы

 Олар жоқ тауарларды саудалап, әлеуметтік желілердегі жарнама сайттары арқылы түрлі тауарларды жарнамалап, алдын ала төлем алған соң, сайтты бұғаттап тастайды. Банк қызметкері ретінде телефон шалып, сіздің жеке шотыңыздан ірі көлемде ақша аударылып жатқандығы жайлы жалған ақпарат беріп, сақтандыру шотына ақшаңызды аударуды немесе сіздің абоненттік номеріңізге келген кодты жіберуді сұрайды. Сіз өзіңіздің бір тауарыңызды сатпақ болып жарнама бергенде тұтынушы ретінде хабарласып, өзінің қала аумағында емес екендігін,  ақша аудару үшін банк картаңыздың номерлері мен ССV кодтарын сұрап жатады. Пәтерлер мен коттедждердің нарық бағасынан төмен бағада жалға берілетіні жайлы жарнама беріп, алдын ала төлем ретінде «Qiwi» ақша қабылдау жүйесі арқылы қаржы салуды ұсынады. Жоқ көлікті «Kolesa kz» сайты арқылы жарнамалап, тұтынушыдан алдын ала төлем сұрайды. Әлеуметтік желілерде, оның ішінде Инстаграмда сіздің ақшаңызды айналдыру арқылы қомақты пайда табуға болатыны туралы ұсыныстар жібереді.

 

Көлік ұрлаған ұсталды

 Қызылордалық полицейлер Алматы қаласынан көлікті заңсыз айдап әкеткен азаматты ұстады.

3 желтоқсан күні белгісіз азамат Алматы қаласында орналасқан автосалонның заңды өкілінің сеніміне кіріп, құны 13 миллион теңге тұратын автокөлікті заңсыз иемденген. Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.
Тергеу барысында бұл автокөліктің Қызылорда облысының аумағынан өтіп бара жатқандығы анықталып, Бостандық ауданының Полиция басқармасы дереу Қызылорда облысының Полиция департаментіне аталған көлікке қатысты бағдар жіберген.

Алматылық әріптестерден келіп түскен бағдар бойынша қызылордалық полицейлер іздеу жұмыстарына кірісіп, «Самара – Шымкент» тасжолының 1803 шақырымының тұсында орналасқан жол бойындағы сервистік қызмет көрсету кешенінің алдында бағдарда көрсетілген сипаттамаларға сәйкес келетін көлікті байқаған.

Құжаттарын тексеру барысында аталған көліктің жүргізушісі көлікті сатып алғандығын айтқан. Алайда, полицейлер көлік шанағының нөмірлерінің сәйкес еместігін анықтаған.

Қазіргі таңда бұл дерек бойынша жинақталған құжаттар мен автокөлікті қызылордалық полицейлер алматылық әріптестеріне тапсырды.

 

Серік ЖҰМАБАЕВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *