Астанада есірткі сатумен айналысқан топ құрықталды

Астананың полицейлері қалада ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан топты ұстады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Polisia.kz сілтеме жасап.

Полицейлер «Қарасора – 2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сатумен айналысқан 38, 33 және 30 жастағы Жамбыл облысының үш тұрғынын қолға түсірді. Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі сатушылар тобы тұрған пәтерді тінтіп, есірткі өсімдік тектес сұр-жасыл заты бар лентаға оралған полиэтилен пакеттерін тапқан.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар жалпы салмағы 5 келі, 150 грамм болатын гашиш екені расталды. Тергеу кезінде ұсталғандар кінәсін мойындап, Астана қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Есірткі сатушылардың бірі осыған ұқсас қылмысты жасағаны үшін бұрын да бірнеше рет сотталғаны белгілі болды. Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тәртіп сақшылары егер адам аса ірі мөлшерде есірткі мен психотроптық заттарды, соған ұқсас  басқа да заттарды сатумен,  заңсыз өндіру, қайта өңдеу, иемденіп, сақтаумен айналысса 6 жылдан 12 жылға сотталуы мүмкін екенін еске салады.